ТӨЛЕБИДЕ ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП
Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында 180 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп, былтыр оның 6-ы пайдалануға берілді. Нәтижесінде 7316 шаршы метр ел игілігіне тапсырылды. Ал қалған 3 тұрғын үй биыл желтоқсан айында пайдалануға беріліп, 3 658 шаршы метр тұрғын үй тапсырылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Төлеген Телғараев мәлімдеді.
Брифингте мәлім болғандай, экономиканың басты көрсеткіші саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылдың 10 айында аудан бойынша 109 млрд 948 млн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда өсім 2,5%-ға артқан. Аймақта 2 ірі, 15 шағын және 3 қосалқы кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіп саласында 2022 жылдың басынан 35 млрд 687 млн теңгенің өнімі өндірілген. «Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемі есепті кезеңде 14 млрд 624 млн теңгені құрады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудан әкімдігі мен «SHYMKENTCEMENT» АҚ арасындағы үш жақты меморандумға сәйкес, 10 айда 21 шақырымды құрайтын Ақбастау, Киелітас, Алғабас елді мекендерін түнгі жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды» деді Төлеген Тұртайұлы.
Жалпы аудан бойынша экономикалық белсенді халық саны — 48,6 мың адам. Жұмыспен қамтылғандар саны — 46,2 мың. «Биыл ауданда тұрақты жұмыс орындарына жалпы 1700 азаматты жолдау жоспарланып, 1 957 азамат жұмыспен қамтылды. Жастар практикасына оқу орнын тәмамдаған жас түлектерді тәжірибе алу мақсатында 300 орын жоспарланып, аудандағы 54 мекемеге 306 азамат жолданды. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында нақты 38 азамат мекемелерге жолдама алды. Сонымен қатар, 200 АЕК мөлшеріндегі грантты 173 азамат алып, барлығы өз кәсіптерін жүргізуде» деді аудан әкімі.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2022 жылы 6 елді мекенде 6 жоба іске асырылуда. Сонымен қатар ауданның инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 19 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ аудан орталығында №3 кәріз-тазарту құрылыс жұмыстары басталды. «Биыл тұмса табиғатымен талайларды таңғалдырған Төлеби ауданына 90 жыл толып отыр. Аудан тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылып келеді. Мұнда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Бұл сала айтарлықтай дамып келеді. «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауданда екі мектеп бой көтерді. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» пилоттык ұлттық жобасы әзірленуде. Жоба аясында Ленгірде 1500 орындық, Бірінші Мамырда 1500 орындық, Достықта 900 орындық, Көксәйекте 600 орындық, сондай-ақ Қосағашта 600 орындық жаңа мектептердің кұрылысы жоспарлануда» деді аудан әкімі.