ТҮРКІСТАННЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Ронамен кездесті. Өңір басшысы Қазақстан мен Венгрия арасындағы байланыстың жоғары деңгейде екенін айта келе Венгрия инвестициясын тартуға, екі жақты қарым-қатынасты тереңдете түсуге мүдделі екенін айтты.
Жиында «Түркістанға қош келдіңіз! Бүгін біздің облыс пен Венгрия арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қатысты пікір алмасуға жақсы мүмкіндігіміз бар. Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылғы Түркістан облысы құрылды, оның әкімшілік орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Қалаға облыс орталығы мәртебесін беру қалаға ғана емес, бүкіл өңірге инвестиция тартуға айтарлықтай серпін берді. Нәтижесінде өткен жылы инвестиция көлемі 60%-ға өсіп, 1,7 млрд АҚШ долларын құрады. Біз Венгрия инвесторларын қарсы алуға, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл ретте «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылып жатыр. Ауыл шаруашылығы бойынша өңірдің әлеуеті зор. Инвестициямен қатар мәдениет, білім салаларында да әріптестік орнатуды жөн деп білемін. Осындай кездесулер арқылы байланыстар көкжиегі кеңейе түседі» деді Дархан Сатыбалды.
Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона да Түркістандағы мүмкіндіктерді қарастырып, өз елінің бизнес өкілдеріне мәлімет ұсынатынын жеткізді. «Жаңа Қазақстанды құру үрдісі жүріп жатқанын білеміз. Түркістанның тарихи рөлі туралы да хабардармыз. Жалпы Венгрия мен Қазақстанның тарихында ортақ дүниелер бар. Арнайы экономикалық аймақтарыңыз бен ұсынылатын мүмкіндіктер туралы толық ақпарат берсеңіздер оны зерделеуге дайынбыз. Әрине, бизнеске тікелей әсер ете алмаспыз, бірақ екі ортада байланыс орнатушы ретінде инвестиция салуға да, тартуға да ниеттіміз. Біз ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, балық шаруашылығы, жүгері шаруашылығы, құс фабрикаларын дамыту бойынша ұсыныстар бере аламыз деп ойлаймын. Келесі кездесуімізде нақты ұсыныстарды қарастырып, келісім жасаймыз деген сенімдемін» деді Венгрия елшісі. Кездесу соңында екі тарап естелік сыйлықтар алмасып, екіжақты байланысты нығайта түсу жөнінде уағдаласты.