КИІМ-КЕШЕК БІР ЖЫЛДА 14,6 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАҒАН
саладағы өнеркәсіп тоқыраудан қашан шығады?
Киім-кешектің елімізге негізінен шеттен келетіні белгілі. Бүгінде қазақстандықтар киімдердің басым бөлігін ала шапанды ағайыннан алады. Сонымен қатар базарда Түркия мен Қытайдың тауарлары да тізіліп тұр. Сәйкесінше, тауардың дені шеттен келгендіктен, бағаға бақылау жасау да қиын. Бір ғана мысал, бір жыл ішінде нарықтағы киімдердің бағасы 14,6 пайызға қымбаттап шыға келген. Ендеше, аталған саладағы еліміздің әлеуеті қандай? Шетке қаншалықты тәуелдіміз? Саралап көрейік…
Жуырда Energyprom.kz аталған салаға қатысты зерттеуін жариялады. Оған сенсек, бір жыл ішінде елордада киім-кешек бағасы 25 пайызға қымбаттаған. Одан кейінгі орында 19,8 пайызбен Қызылорда, 19 пайызбен Ақмола облыстары тұр. Ең аз көрсеткіш Ақтөбе облысына тиесілі. Аталған өңірде киім бағасы 9,7 пайызға қымбаттап отыр. Оның ішінде бір жыл ішінде ерлер киімінің бағасы 14 пайызға, әйелдер киімі 14,1 пайызға, балалар киімі 17,2 пайызға өскен. Осындайда тәуелсіздік алған жылдар ішінде аталған салаға бет бұрып, өндірісті дамыту ісіне неліктен көңіл бөлінбеген деген заңды сауалдың туындайтыны анық. Сөйтсек, еліміздегі өндіріс көлемі өсіп отыр екен. Мәселен, қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстанда киім өндірісі 43,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 12,7 пайызға артық. Киім ең көп шығарылған өңір – Шымкент. Мұнда жалпы өнім көлемі 7,4 млрд теңгені құрап, бір жылда 44 пайызға көбейген. Одан кейінгі орында Алматы қаласы мен Алматы облысы тұр. Алғашқысында өнім көлемі 6,9 млрд теңгені құрап, 15,2 пайыз өсім көрсетсе, кейінгісі 4,2 млрд теңгенің киімін шығарып, өндірісті 48,6 пайызға көбейткен. Десе де бұл ішкі нарықты қамтуға толық жетпейді. Сондықтан импорттық тауарларға иек артуға мәжбүрміз.
Сандарды сөйлетер болсақ, биыл қаңтар мен тамыз айының аралығында елімізге жалпы құны 889 млн АҚШ долларына жуықтайтын 71 мың тонна трикотаж және тоқыма киім импортталып отыр. Қазақстанға ТМД елдерінен 16,9 мың тонна киім әкелінді. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,9 пайызға аз. Мұнда Өзбекстан Қазақстан үшін негізгі жеткізуші саналады. Аталған елден 10,2 мың тонна тауар келген. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырар болсақ, 5,4 пайызға аз. ТМД-дан басқа елдерден Қазақстанға 54,1 мың тонна киім импортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8 пайызға көп. Қазақстан үшін негізгі жеткізушілер Қытай мен Түркия болып отыр. Алғашқысынан 39,3 мың тонна киім келсе, түрік ағайын тоқыған 12 мың тонна тауарға нарықтан орын беріп отырмыз.
Елімізге оралайық, жеңіл өнеркәсіпті дамыту ісіне айрықша назар аударылғанымен, нәтиженің жақсы болғанын көзіміз көрмей келеді. Қала берді, киім шығару ісінің ілгерілеуіне үлес қосып, саланы дамыту үшін қаржы құятындардың қатары да қалың емес. Себебі аталған тауар түрін тоқудан гөрі шеттен көтерме бағада сатып алып, отандық нарықта саудалаудың пайдасы көбірек. Мұның бір ұшы шикізатқа келіп тіреледі. Тоқыма өнеркәсібінің дамуы шикізатқа, яғни мақтаға байланысты. Ал мақта бағасының төмендігін түркістандық шаруалар айтудай-ақ айтып келеді. Себебі олар бүгінде мақта егіп, көл-көсір пайдаға кенелудің орнына шаш-етектен шығынға батып, қарызынан құтыла алмай әлек. Өйткені оның бағасы Ливерпуль биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Осы тұста тағы да оңтүстіктегі көршілеріміздің тәжірибесіне тоқталайық. Мәселен, Өзбекстан мен Қырғызстанда мақта бағасы бізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Өйткені қос елде де шаруалардың маңдай терімен өсірген өнімі шетке кетпейді. Елдегі жеңіл өнеркәсіпте қолданылады. Міне, сондықтан ала шапанды ағайындар аталған саланы дамыту арқылы көршілерін киіммен қамтамасыз етіп отыр. Ал біз шикізатты шетке шығарудан әріге аса алмай отырмыз. Иә, мақтаны өңдейтін орындар елімізде жоқ емес. Әйткенмен шаруалардың барлық өнімін сатып алуға қауқары жетпейді.
Бұдан бөлек, елімізде теріні өңдеу ісі де дамымай отыр. Бір ғана мысал, жыл сайын елімізде шикі терінің 10-20 пайызы ғана сатылады. Ал 3 млн-ға жуық мал терісі өңделмеген күйі далаға тасталып жатыр. Егер ебін тауып, қоқысқа кететін шикізатты кәдеге жаратсақ, 14 млрд теңгедей табыс түседі. Бірақ олай болмай тұр. Себебі де жоқ емес. Жыл басында Мәжіліс мінберінен аталған мәселе көтерілген болатын. Міне, сонда бұл саланың екі бірдей министрлікке қарайтыны белгілі болды. Олар – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Сондықтан болар саланың дамуымен ешбірі айналыспаған. Бір-біріне сілтеп жүргенде шикізат көлемі шамадан тыс артып, мәселе тудырып шыға келген. Әлемдік деңгейде қарастырар болсақ, Қытай теріні АҚШ пен Аустралиядан аттай сұрап алдыртады. Оны өңдеп, дайын тауар шығарады. Міне, соны ел болып тұтынып жүргеніміз тағы бар. Ал елімізде теріні далаға тастаудан басқа амал жоқ. Киім тігуді қоя тұрайық, теріні өңдеу ісінің өзінде олқылық көп. Демек сала тоқырап тұр.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сенсек, алдағы уақытта салада серпіліс болады. Келесі жылдың соңына дейін тоқыма өнеркәсібінде жалпы құны 21,5 млрд теңгені құрайтын 13 жоба жолға қойылады. Оның қатарында аралас жіп иіру, шұлық өндіру, тігін фабрикасы, жіп иіру сынды бағыттар бар. Жүздеген жұмыс орнының ашылуына кепілдік берген министрліктің жоспары қаншалықты жүзеге асары тағы белгісіз. Қазіргідей ішкі нарықтағы отандық өнімнің орнын импортқа босатып бере берер болсақ, жуық арада алға жылжи қоюымыз екіталай. Қарап отырсақ, шикізат жоқ емес бар. Бірақ оны өңдеуді былай қойғанда шетке шығаруға да қауқарымыз жетпей отыр. Терінің мысалы – мұның айқын айғағы. Осы тұста айта кетерлігі, отандық киім өндірісі қызылды-жасылды қымбат киімдерді тігумен шектелмейді. Қалтаға қонымды, халыққа қолжетімді киім шығарғанда да асығымыздың алшысынан түсері анық. Ал қазіргідей жағдаймен алысқа бара қоймаймыз. Отыздыққа ұмтылып жүргенде орекеңдерді былай қойғанда, ала шапанды ағайынды аталған салада алға жіберіп алғанымыз жасырын емес. Қырғыз ағайын Өзбекстанның өздерінен 30-40 жылға озып кеткенін мойындап отыр. Мұны Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың өзі айтты. Ал салаларда қордаланған күрделі мәселелер шешілмесе, әлденеше он жылдан кейін бұл сценарийдің бізде де қайталануы бек мүмкін. Қош делік, салаға серпін берер бастамалардың сәтті жүзеге асуынан үміттіміз. Басқа амал да жоқ…
С.НҰРАЙ.