САРЫАҒАШТА КӘСІПКЕРЛІК САЛА ҚАНАТ ЖАЮДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы айрықша екенін атап айтқан болатын. Мұның маңызын қымбатшылық қысқан әлеумет барынша сезініп отыр. Импорттық өнімдердің көбеюі бағаны бақылауға кедергісін тигізіп-ақ жатыр.
Өз кезегінде, елімізде өнім өндіруге ниетті кәсіпкерлер үшін барлық жағдайлар жасалып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген кәсіпорындар ашылып, халықтың қажетін өтеп келеді. Осындай кәсіпкерлік мекемелердің бірі Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында жемісті жұмыс істеп келеді.
Жуырда Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Сыр-Сарыағаш» ЖШС-нің цехына арнайы барып, жұмысымен танысты. Жаңа кәсіптің түрін қолға алған жеке кәсіпкер Ерсейіт Буранбаев ірімшік дайындау кезеңдерін айтып беріп, цехтағы құрал-жабдықтарды көрсетті. Өз кезегінде, аудан әкімі шағын кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. «Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына, оның ішінде, еңбек өнімділігін арттыруға және тауар экспорттауға үлкен мән беру керек деген болатын. Біз осы тапсырмалар аясында жұмыс атқарамыз. Өндіріс көлемін ұлғайтып, сапалы өнім шығарып, экспортты арттыруымыз қажет» деді аудан басшысы.
Аталған цех тәулігіне 20 тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы. Бүгінгі таңда ірімшік, чечил және моцарелла сияқты түрлі өнім шығаруда. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы уақытта өндірілген өнім көлемін және оның түрлерін арттыруды жоспарлап отыр. «Сыр-Сарыағаш» ЖШС-гі бүгінгі таңда он жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.