ЖОЛ САПАСЫ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ
Еліміздегі ең толғақты мәселелердің бірі – жолдардың сапасы. Жолдың тақтайдай тегіс болуы өңірдің ғана емес жалпы елдің экспорты мен импортына тікелей әсер етеді. Қала берді облыс пен аудан орталығынан шалғайда жатқан елді мекендерді орталықпен байланыстырады. Осы орайда, аталған бағытта Түркістан облысында ауқымды істер атқарылып жатыр. Тарқатайық…
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме «Корпорация Береке А» ЖШС тарапынан Қазығұрт ауданында жол жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын. Аудандағы жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-47 «Сынтас-Қаржан» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық пайдалануға берілді. Жөндеу жұмыстары кезінде ескі асфальт қабаты алынып, жолдағы жарамсыз асфальт жабындысы бұзылды. Сондай-ақ, жол негізі 10 см құмды шағал-тас қоспасымен нығайтылып, үстіне 2 қабат асфальт жабындысы салынған.
Бұдан бөлек, жол бойындағы елдімекендердің ішіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол салынып, жасанды жол кедергісі мен тиісті жол белгілері орнатылған. Сондай-ақ, ескірген темір су өткізгіш құбырлар жаңартылды. Жүргізілген жұмыстардың сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және«Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты бақылауда болды.