ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЙЕНІ ЖАҢАРТЫП, ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУҒА СЕП БОЛМАҚ
Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның 2023-2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясындағы тарифтік жобасын қарау бойынша жария тыңдау өткізді. Сондай-ақ жария тыңдау Департаменттің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы арқылы онлайн режимде трансляцияланды.
Оған Департаменттің, Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Түркістан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің, Шымкент қаласы әкімдігінің, Ардагерлер кеңесі қоғамының, «Энергопоток» ЖШС-ның өкілдері, БАҚ және Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұтынушылары қатысты. Нақтырағы, жиынға 80 адам қатысса, 128 адам онлайн режимде тамашалады.
Қозғалған негізгі тақырып – тарифті көтеру мәселесі. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС 2023-2027 жылдарды қамтитын инвестициялық бағдарлама мен электр энергегиясының таратудың тариф жобасын жасап шыққан. Оның өсу көрсеткіші ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, тарифтерді жасақтау ережелеріне қарай жүзеге асырылды. Оның мөлшері қосымша құн салығынсыз есептегенде, 2023 жылы 11,12, 2024 жылы 11,95, 2025 жылы 12,80, 2026 жылы 13,79, 2027 жылы 14,84 теңгеге дейін болады деп күтілуде. Осы тұста айта кетерлігі, бұл әлі бекітілген жоқ. Қазіргі уақытта талқыланып жатыр. Тарифтердің көтерілуі есебінен мекеме бірқатар мәселелерді шешуге басымдық беріп отыр. Бір ғана мысал, электр жүйелерінің орташа физикалық тозу деңгейі 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, 57,9 пайызды көрсетіп отыр. Бұл – көкейтесті мәселе. Осыны ескерген мекеме басшылығы 2023-2027 жылдар аралығында құны 41,4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Мақсат — қайта құруды енгізу, электр құрылғыларын қайта жаңғырту, жаңа құрылысты жандандыру, жаңа техникалар мен технологияларды енгізу, автоматты жүйелер мен телемеханикалық өзгерістерді кіріктіру сынды ішкі жүйелерді дамыту. Осының нәтижесінде электр энергиясындағы жүйелерде энергия шығынын төмендету, жүйелерде апаттық сөну жағдайын азайтып, энергетикалық құрал-жабдықтардың физикалық тұрғыда ескірген түрлерін дер кезінде жаңарту, құрылғыларға қызмет көрсету мен жөндеу жағдайындағы тікелей шығындарды азайту, электр жүйелеріне жаңадан қосылатын тұтынушылар үшін ыңғайлы жағдай жасау мен жабдықтардың қауіпсіздігін азайту сынды бағыттарға қол жеткізу көзделіп отыр. Айта кетерлігі, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының электр жүйелері 60-70-ші жылдары тартылған. Қазіргі кезде «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-на қарасты жүйелерде электр энергиясын тұтынушыларға жеткізуде сапасына кері әсер ететін бірқатар жағдайлар туындап отыр. Ал тарифтерді көтеру есебінен жүзеге асатын инвестициялық жоба бұл олқылықтың орнын толтыруға себеп болмақ.
Өз кезегінде, жиынға қатысушылар аталған бастамаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Бір ғана нәрсе айқын, дер кезінде жаңартылмаған жүйенің соңы орны толмас олқылықтарға әкелуі әбден мүмкін. Қазіргі уақытта екі таңдау тұр. Бірі тарифтерді көтеру арқылы ескірген жүйені жаңартып, заманауи технологияны енгізу болса, екіншісі тарифтерді қаз-қалпында қалдыру арқылы мәселеге көз жұма қарау. Осы тұста, электр жарығы мәселесінің қоғам өмірі үшін ғана емес, жалпы кез келген саланың дамуы үшін маңызды екенін ұмытпағанымыз абзал.