ЖЕТІСАЙ: ҚАЗЫБЕК БИ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра отырып билік пен бұқара арасындағы байланыстың ашықтығын нығайту мақсатындағы Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектың бекітілген кестеге сәйкес есептік кездесуі Қазыбек би ауылдық округінің тұрғындарымен өтті.

Мұрат Болатұлының іссапарда болуына байланысты аудан әкімінің орынбасары Асан Маханбетов өткізген жиынға бөлім басшылары мен AMANAT партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов, аудандық мәслихат депутаты Асқар Қайназаров пен жергілікті тұрғындар қатысты. Алдымен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы айтылып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Шілде айында өткен кездесуде Қазыбек би ауылдық округі, Алғабас елді мекенінің тұрғыны Абдулла Шайықовтың Алғабас елді мекеніндегі апатты жағдайдағы ауыз су мұнарасын ауыстыру және тұщы суды жеткізіп беру мәселесіне орай Алғабас елді мекеніндегі ауыз су мұнарасын ауыстыру бойынша тиісті сметалық құжаттама жасақталып, тиісті қаржыны бюджеттен бөлдіру үшін 2023 жылға ұсыныс енгізілетіндігі, Таубай ата елді мекенінің тұрғыны Мәуленқұл Жәрменов айтқан елді мекенді тұщы ауыз суға қосу жұмыстары бойынша 2021 жылы қазылған ұңғыма суының кермек дәмі болуына байланысты қосу мүмкіншілігі болмағандығы, жаңадан қазылған ұңғымадан ағымдағы жылдың желтоқсан айында су құрамын қайта зерделеп, анықтау жұмыстары жүргізілетіндігі, нәтижесіне қарай пайдалануға берілетіндігі айтылды.
Сонымен қатар, алдыңғы кездесуде Ә.Оспанов елді мекенінің тұрғыны Исакүл Қараева елді мекеніндегі көшелерді жөндеу туралы, Жамбыл елді мекенінің тұрғыны Әмірхан Амангелдиев қазылатын қашыртқылардың орнына берілген жерлерге мемлекеттік акт беру туралы өтініш айтқан болатын. Айтылған өтініштер бойынша 2021 жылы Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Ә.Оспанов елді мекеніндегі ұзындығы 0,9 шақырымды құрайтын Қ.Манапбек көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 9,2 шақырымды құрайтын Ж.Қараев, Қабылан ата, Мереке, Жұлдыз, Нұра, Жеңіс, Жігер, С.Тастанов, Қызылжар, Ш.Айманов, Жаңақұрылыс №7, Ақбұлақ, Қарекет секілді 13 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттамалары жасалып, облыстық салалық басқармаға қаржыландыруға ұсынылған. Ал Жамбыл елді мекеніндегі қазылатын қашыртқылардың орнына берілген жерлерге мемлекеттік акт беру мәселесі бойынша аталған аумақта бос жер болмауына байланысты шаруалардың пайдалануындағы егістік алқаптарынан жүргізілуі ұсынылған. Қазылатын қашыртқының ұзындығы 2,16 шақырым болатыны анықталып, сол жердегі шаруалардың егістік жерлерінен алынатын ауданы белгіленген. ҚР Жер кодексінің 82 бабына сәйкес жер пайдаланушылар белгеленген жерлерін мемлекетке қайтару жөнінде арыз жазу тиіс екендігі түсіндірілді.
Одан бөлек, Жамбыл елді мекеніндегі Бозбұтақ көшесін жөндеп, жол кедергілерін орнатуға байланысты айтылған өтінішке сәйкес, елді мекендегі жалпы ұзындығы 1,65 шақырымды құрайтын Атамұра, Бозбұтақ көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттамалары жасалып, қажетті қаржы көлемі анықталған. Аталған көшелерге жөндеу жұмыстары аудандық бюджеттік комиссияға кезең-кезеңімен қаржыландыруға ұсынылатын болады. Құрбан ата елді мекенінің тұрғыны Асан Әлімбетов елді мекенге тұщы ауыз су беру, көшелерге асфальт төсеу, жарықтандыру мәселелерін айтқан болатын. Құрбан ата елді мекенінің ауыз су жүйелерінің тозығы жетуіне байланысты қайта құру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті бюджеттен қаралған қаржыға жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлдіруге салалық басқарма ұсыныс енгізілсе, елді мекендегі жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын Т.Әлімбетов, Т.Мергенбаев, Жаңа құрылыс №1, И.Бекетов, Қобылан ата көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттамалары жасалып, қажетті қаржы көлемі анықталған. Аталған көшелерге орташа жөндеу жұмыстары елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетін қазба жұмыстары толық көлемде аяқталғаннан соң, аудандық бюджеттік комиссияға қаржыландыруға ұсынылатын болады. Жауапты сала мамандарының айтуынша 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен Құрбан ата елді мекеніндегі Жаңақұрылыс №1 және Бекетов көшелерін жарықтандыру мақсатында күн сәулесі шамдарын электр қуатына ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Аталған елді мекендегі Т.Әлімбетов және Қобылан ұста көшелеріне жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттамалары жасалып, аудандық бюджеттік комиссияға кезең-кезеңімен қаржыландыруға ұсынылатын болады. Аталған көшелерге жарықтандыру жұмыстары бюджет мүмкіндігіне орай жүргізіледі.
«Түркістан» жалпы орта мектебінің қызметкері Орынбасар Дауренбеков айтқан «Түркістан» жалпы орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу бойынша техникалық қорытындысы, ғимараттар мен құрылыстар шектеулі жұмысқа жарамды күйде. Оларда анықталған ақаулар, бұзылулар, авариялық учаскелер қалпына келтіруге жатады және тұтастай алғанда конструкциялардың көтергіштігін төмендетпейді. Стандарттардың талаптарына сәйкес конструкциялардың беріктігін арттыру үшін осы техникалық есептің ұсынымдарына сәйкес ақаулы, апатты және зақымдалған учаскелерді қалпына келтіру қажет. Жобалау және іздестіру жұмыстары жүргізілген. Жобалық-сметалық құжаттама жасауға, мемлекеттік сатып алу порталына мердігер мекемені анықтау үшін жариялануда. Атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген тұрғындар қосымша қашыртқылар мен каналдарды тазалау, ішкі көшелерді жарықтандыру, аудан оқушыларына арналған оқушылар сарайы мен туристік станцияларды салу, жас мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдаулар, тік дренаждарды іске қосу мәселелері бойынша сұрақтар қойып, өтініштерін айтты. Айтылған мәселелер бойынша жауапты сала мамандарына хаттамалық тапсырмалар беріліп, орындалуы бақылауға алынды.