ТҮРКІСТАНДА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП

Түркістан қаласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Бүгінде қалада көптеген көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Қала берді, облыс орталығына тартылар инвестиция да жыл өткен сайын артып келеді. Ал ағымдағы жылы тарихи қалада қандай жұмыстар атқарылды? Көрсеткіштер қандай? Осы және өзге де сауалдарға бұқаралық ақпарат құралдарына берген баспасөз брифингінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жауап берді.

Қала басшысының айтуынша, өткен жылы өнеркәсіп саласы бойынша өнім көлемі 14,8 млрд теңгені құраған болса, биылдың 9 айының қорытындысы бойынша көрсеткіш 15,4 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 3,8 пайызға артық. Бұл туралы Нұрбол Әбсаттарұлы «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру — алдымызда тұрған аса маңызды міндет екенін айтты. Президент тапсырмасы қазіргі таңда киелі шаһарымызда жүйелі іске асып, өз нәтижесін беруде. Биыл Түркістан қаласына 179,1 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл ретте, 9 айдың ішіндегі көрсеткіш 192,1 млрд теңгеге жетіп отыр. Жалпы 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жоба мақұлданып, 761 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде биыл шетел инвесторлары есебінен 7 жоба іске асырылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды» деді. Сондай-ақ «TURKESTAN» индустриалды аймағында 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 млрд теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылып, 857 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 900 миллион теңгені құрайтын 3 кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылады. Олар — «Асфальт бетон», «Газоблок», «Газобетон» зауыттары.
Жиын барысында баспанамен қамту көрсеткіштері де сөз болды. Тарқатар болсақ, 2022 жылдың 9 айында 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Нақтырақ айтқанда 2 667 пәтерлі 42 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылып отыр. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 409,3 мың шаршы метрді құрайтын 111 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жөнінде Нұрбол Әбсаттарұлы «Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістанға арнайы келіп, облыс зиялыларымен кездескені белгілі. Осы сапар барысында Президент тұтас түркі жұртының ықыласы ауған Түркістандағы өзгерістерге оң бағасын берді. Сондай-ақ киелі шаһарға рухани және тарихи елорда мәртебесін беру туралы Үкіметке тапсырма бергенінің куәсі болдық. Бұл орайда, қастерлі шаһарда игілікті істер жалғасады, тұрғындарға жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз» деп атап өтті.
Өз кезегінде, қаладағы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да қарқын алған. Келесі жылы тарихи қаладағы сапалы ауыз су мәселесі толық шешімін табады. Бұл туралы қала әкімі «Түркістанда ауызсумен 37 655 абонент қамтамасыз етілген. Өткен жылы су жинау резервуарлары арқылы 56 000 м3 су жиналып, халыққа берілуде. Оның қамту көрсеткіші 82,5 пайыз болса, биыл 98,5 пайызға жетеді. 2023 жылы тағы 4 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Олар — Мақтазауыт, 1-2 м/а, Яссы-Шауғар, Жаңадан қоныстанған аумақтар. Соның нәтижесінде, 9461 абонентке жаңа ауыз су желісі тартылады. Яғни келесі жылы қаланы ауыз сумен қамту көрсеткіші толықтай 100 пайыз болады» деді. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесімен 12 297 абонент қамтылған. Өткен жылы жоба бойынша қуаттылығы тәулігіне 20 мың м3 сарқынды су тазарту ғимараты іске қосылса, биыл жалпы 14 жоба іске асырылуда. Қазір 3 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, 6-ның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Ал сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші биыл 84,9%-дан 94,7%-ға артқан. Түркістан қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп, 39 937 абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылған. Бүгінгі күні көгілдір отынды 38 060 абонент дербес шот ашып пайдалануда. Бос жер телімдерін қоса алғанда толық табиғи газды пайдаланушылар саны биыл 95%-ға жетті. Қала әкімінің сөзінше, жол саласында 2022 жылдың қорытындысымен қалада жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 37,4%-дан 40,3%-ға артпақ. Қала ішінде жалпы 21 бағытта 220 қоғамдық көлік қатынайды. Аталған көліктердің 78-і сыйымдылығы жоғары болса, қалған 142-сі — шағын автобустар. 2021 жылдан бастап қала ішінде экологиялық стандарттарға сәйкес 78 жаңа автобус алынды, нәтижесінде қаладағы қоғамдық көліктердің 34%-ға жаңарып отыр. Қазіргі таңда электронды билеттендіру жүйесі көлік компанияларының жұмысының ашықтығын қамтамасыз етіп, қолма-қол ақша айналымын азайтып, бизнестің көлеңкеден шығуына мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерге «Алем Рау» электронды билеттендіру жүйесі енгізілген.
Бүгінде Түркістан көшелерін жарықтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр шаһарда 269 көше жарықтандырылған болатын. Ал 2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесімен қала аумағындағы жарықтандырылған көшелер үлесі 55,4%-ды құраған. Яғни жалпы 485 көше жарықтандырылып отыр. Шаһар басшысының сөзінше, келесі жылы қаладағы жарықтандыру жүйесімен қамтылған көшелер үлесін 82%-ға өсіп, жарықтандырылған көшелердің санын 757-ге жеткізу жоспарлануда.