САРЫАҒАШТЫҚ ШАРУАЛАР БІР АЛҚАПТАН ЖЫЛЫНА ЕКІ РЕТ ӨНІМ АЛАДЫ

Ауыл шаруашылығы әлеуетінің артуы – мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша мәнге ие. Сондықтан мемлекет басшысының өзі аталған саланың мүмкіндігін арттыруға барынша көңіл бөліп, тиісті шаралардың қабылдануына мұрындық болып келеді. Сөз жоқ, қолға алынған бастамалардың нәтижесінде салада серпіліс байқалады. Соның бір жарқын мысалы ретінде Сарыағаш ауданындағы жетістіктерді айтуға әбден болады. Тарқатайық…

Түркістан облысында «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Сарыағаш ауданында да бұл бағытта жүйелі жұмыс бар. Аудан әкімі Мұхит Отаршиев Ынтымақ елді мекенінде орналасқан «Абдуназар» шаруа қожалығына қарасты жылыжай жұмысымен танысты. Шаруа қожалығының төрағасы Ш.Раймназаров өзінің иелігіндегі үй іргелік жер учаскесіне 0,22 га жылыжай тұрғызып, бүгінде мол табыс тауып отыр.
Бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген азамат бір өсімдіктен жылына екі рет өнім алу мақсатында жылыжайға 2021 жылғы желтоқсан айында «Блек перу» сұрыпты баялды көшеттерін отырғызған. Биыл жыл басында 15 тоннадан астам бірінші өнімді жинап алғаннан кейін көшеттің сабағын қырқып, яғни бір көшеттен екінші өнім алуға дайындаған. Еткен еңбек оңынан келіп, бүгінгі таңда шаруашылық бір көшеттен екінші рет 15 тоннадан астам өнім жинап отыр. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы өкілдерінің еңселі еңбектерінің нәтижесінде 2022 жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 104,4 млрд теңгені құраса, ауыл шаруашылығы саласына 5,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінде аудандағы жылыжай көлемі 683,2 гектарды құрап, осы жылыжайлардан 140 мың тоннадан астам өнім жиналды.