«BOKEI» ҚЫШ ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асқан Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округіндегі «Bokei» қыш зауыты іске қосылды. Тәулігіне 100 мың дана қыш шығаратын өндіріс алыбы «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен жеңілдетілген 6% қаржыландырылған. АMANAT партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына енгізілген.

Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 200 млн теңге. Жаңа өндіріс орнында 60 адам жұмыспен қамтылған. Республика күні қарсыңында іске қосылған зауыттың ресми ашылуына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қатысты. Өндіріс орнының әлеуетінің зор екенін атап өткен ол инновациялық жобаларға мемлекет тарапынан қашанда қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Түркістан облысында жүріп жатқан құрылысқа отандық құрылыс материалдарына басымдық беріледі. Жаңа зауыт осы бағытта жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мәселесіне ерекше тоқталды. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, әкімшілік кедергілерді жою және тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде облыста аталған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр» деді Арман Жетпісбай.
Жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына келген облыс әкімінің бірінші орынбасары бірқатар өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Бадам ауыл округінде орналасқан қара металдың көптеген түрінен құймалар шығаратын елімізде теңдесі жоқ «Karlskrona LC AB» зауытының өнім сапасы экспресс-зертханаларда тексеруден өткізіледі. Өндіріс орны 2016 жылы «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Жобаның құны – 868,2 млн теңге. 64 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 3 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.
Ал «Қазақ-Түрік индустриялды аймағында» орналасқан «Green Technology industries» өндіріс орны полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеумен, синтепон талшығын өндірумен айналысады. Жылына 15 000 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Құрылтайшылар — қытайлық инвесторлар. Инвестициялық құны – 6 млрд 800 млн теңге. Зауытта 250 адам жұмыспен қамтылған. Өнім ішкі нарықтан бөлек Ресейге экспортталады.
Ордабасы ауданында бүгінгі таңда 40 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндіру, электр энергиясымен жабдықтау салаларын қамтыған. Жыл басынан бері онда 21 млрд 189 млн теңгенің өнімі өндірілген. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестициялық құны 105,1 млрд теңге болатын 6 жоба іске асырылуда және 1 мыңнан аса жұмыс орны ашылады. 9 айдың ішінде ауданға 26 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Ордабасы ауданында 12 мың 170 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Онда 18 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. 2022 жылдың 9 айында инвестициялық құны 2 млрд 254 млн теңгені құраған және 82 жаңа жұмыс орнын ашқан 21 жоба (сауда орталығы, дәріхана, емдеу орталығы, тамақтану орны, май ауыстыру бекеті, жылыжай, жаңбырлатып суғару, мал бордақылау алаңы және т.б.) іске асты. Шағын және орта бизнес субъектілерімен 2022 жылдың 1-тоқсанында 13,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жылдық жоспар – 105 млрд теңгенің өнімін өндіру.