КӘСІПКЕРЛІК САЛАНЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде өсім байқалады. Мәселен, облыста жалпы құны 12,7 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба іске қосылып, 1000-ға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл облыстың негізгі капиталына салынған инвестициялар көрсеткіші 340 млрд теңгеге жуықтады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайызға жоғары. Жалпы жылдық жоспар — 772,8 млрд теңге шамасында.

Түркістан облысы аумағында 2022-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 1,1 трлн теңгеге 100-ге жуық инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде 10 ірі жоба бар. Олар – «Састөбе» химиялық комплексі ЖШС, «Созақ Фосфат» ЖШС, «Standart Petrolleum» ЖШС, «Ocean Energy Company», «Саутс-ойл» ЖШС-ның 2 жобасы, «Ecoculture Eurasia» ЖШС, «ARM wind» ЖШС, «Ecoinvest» ЖШС «ПГУ Туркестан» ЖШС. Бұл өндіріс орындары іске қосылса, 10 мыңға жуық тұрғынның тұрақты жұмысқа орналасуына сеп болмақ. Ал жаңа жобалар өңдеу өнеркәсібі, туризм, ауыл шаруашылығы, электрмен қамтамасыз, денсаулық сақтау саласында жүзеге асады. Биылғы жылдың соңына дейін жалпы құны 45,1 млрд теңгеге 44 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Жоспар жүзеге асса, 1520 жұмыс орны ашылады.
Жалпы Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олардың жалпы аумағы 538 гектарды құрайды. Оның ішінде қазіргі таңда 6 индустриалды аймақта құны 34,169 млрд теңге болатын 44 жоба іске қосылған. Соның арқасында 2500-ге жуық жұмыс орны ашылып отыр. Бұдан бөлек, Шардара, Түлкібас, Бәйдібек аудандарында инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтамасыз ету үшін тиісті қаражат бөлінген. Бұл жұмыстар жақын арада аяқталады. Кейбір аудандарда агроиндустриалдық аймақ құру бастамасы көтеріліп отырғанын да тілге тиек ете кету керек.
Жалпы Түркістан қаласында 2019 жылы «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Оның аумағы 4 га-ны құрап, 6 қосалқы аймақтан тұрады. Олар – тарихи орталық, әкімшілік-іскерлік орталық, өнеркәсіптік аймақтар мен әуежай аймағы. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағында жалпы сомасы 771,1 млрд теңгеге 91 жобаны жүзеге асыру бойынша шартқа қол қойылған. Оның ішінде 74 жоба қала құрылысы бойынша іске асырылуда. Жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылып, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Барлық жобалар іске асырылғанда тағы 8 мыңдай жаңа жұмыс орны құрылады.