ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДА АЙТЫЛҒАН МІНДЕТТЕР ТҰРҒЫНДАРҒА ТҮСІНДІРІЛДІ

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялаған болатын. Онда қоғамның сан түрлі саласындағы өзекті мәселелер жайы сөз болды.

Жарқын болашаққа апарар батыл бастамалар мен міндеттер де қойылды. Білім мен медицина, экономика мен әлеуметтік мәселелер жайы қозғалған бағыттары қоғамның көкейіндегі түйткілдерін тап басты. Алдағы уақытта еліміздің көптеген салаларында жаңа серпін пайда болып, қоғамның даму қарқыны жеделдей түсеріне күмән жоқ. Әйтсе де маңызды құжаттарда айтылған бастамаларды жүзеге асыру тек қана мемлекеттің еншісіне тиген міндет емес. Өз кезегінде, қоғам да жұмыла жұмыс істеуі тиіс.

Осы орайда, маңызды құжатта айтылған міндеттерді қоғамға түсіндіру мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде жиындар ұйымдастырылуда. Жуырда осындай шараның бірі Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен өтті. Нақтырағы, AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ербол Байқонысов аудан азаматтарына экономикалық реформалар, адам капиталын дамыту мен мемлекеттік басқару ісін жаңғырту, сонымен қатар саяси жүйедегі жаңалықтар жайын түсіндіріп берді.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының алдағы басым бағыттарын жүйелі түрде белгілеп берді. Қазіргі таңда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бойынша жұмысты жандандыру қажет. Қала және аудандық деңгейде қоғамдық қабылдаулар жүргізілуде. Халықтың талап-тілегін басты назарға алып, тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу міндеті тұр. Қандай мәселе болса да біз тыңдауға дайынбыз» деді Ербол Байқонысов.

Жиын барысында спикер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын барынша ұстанып, еліміздің дамуына қоғам болып үлес қосуымыз керегін айтты. Сонымен қатар тұрғындар тарыпан туындаған сауалдарға өз жауабын берді.

Айта кету керек, күні бүгінге дейін үшінші мегаполиске қарасты аудандарда мемлекет басшысының ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған негізгі міндеттер мен бастамалар жайын талқылауға арналған жиындар өткізіліп келе жатыр. Қоғамның алға жылжып, мемлекеттік өркендеуінде ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің, ортақ мақсат пен ұлтжандылықтың рөлі айрықша. Өз кезегінде, әр жиында өңір ақсақалдары, ел ағалары қоғамды ынтымаққа шақырып, кемел келешектің іргетасын бірлесе құруға шақырып келеді.