ШИКІЗАТПЕН ШЕКТЕЛМЕЙ, ӨНІМ ӨНДІРУГЕ КӨШУ ҚАЖЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде маңызды құжатта айтылған міндеттерді қоғамға кеңінен түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Осындай жиындардың бірі жуырда Шымкент қаласындағы Достық үйінде өтті.

Аталған кездесуге AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев, «Оқушылар сарайы» мекемесінің директоры Бақытжан Мұстафаев пен зиялы қауым өкілдері қатысты. «Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы жаңа Қазақстанды дамытуға, оның ішіндегі әлеуметтік-экономикалық салаларды нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыратын және саяси трансформацияны жүзеге асыруға жаңаша бағыт болды. Президентіміз шикізаттық мемлекеттен өндірістік деңгейге өту қажет екенін айтты. Сарапшылар тауарды шикізат күйінде нарыққа шығарғаннан, қайта өңдеп дайын өнімді саудалағанда келтіретін пайдасы 70 пайыздан жоғары екенін айтуда. Оған мысал ретінде Белоруссия елін алып қарасақ. Орман алқаптарынан шығатын ағашты шикізат күйінде емес, жиһаз жасап, экспорттады. Нәтижесінде, Белоруссия жиһаздың отанына айналып қана қоймай, елдің экономикасына орасан пайда келтірді. Қазақстанның да өндірістік елге айналуға әлеуеті өте жоғары» деді өз сөзінде Мұратәлі Қалмұратов.

Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізу мақсатында маусым айында жалпыхалықтық референдум өткен еді. Жиынға қатысқан «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжановтың ойынша, референдумның жемісі маңызды құжатта айқын көрінген. Нақтырағы, «Бүгінде біз үлкен саяси реформалардың алдында тұрмыз. Биыл халық ҚР Конституциясының 33 бабына 56 өзгеріс пен толықтырулар енгізуге дауыс берді. Міне, алғаш болып мемлекет басшысының Жолдауында өзгерістер айқын көрініп, оның барлығы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге, орта және шағын бизнесті дамытуға, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен сапалы білім алуға бағытталған. Еліміздің адами капиталы мол болса, кәсіпкерлігі дамып тұрса, салық төлеуден жалтармайды» дейді ол.

Кездесуде өзге спикерлер де өз ойларын ортаға салды. Атап айтар болсақ, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев алдағы саяси науқанның маңызы жөнінде сөз тартқатса, Оқушылар сарайының директоры Бақытжан Мұстафаев білім саласы жайында айтылған бағыттар жөніндегі ойын жеткізді. Бұдан бөлек, кездесуге келген өзге де азаматтар пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды. Жалпы үшінші мегаполисте аталған бағыттағы жиындар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Мақсат – маңызды құжатта айтылған бастамаларды қоғамға кеңінен түсіндіру.