САПАЛЫ МАМАН САЛАНЫ ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ
Қазіргі уақытта еңбек нарығында техникалық мамандықтарға деген сұраныс жоғары. Сондықтан түлектерді аталған мамандықтарға бейімдеу ісіне айрықша назар аударылып отыр. Бұл жөнінде мемлекет басшысының ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтылды.
Осы орайда жуырда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Ел экономикасына кәсіби және техникалық мамандарды даярлаудағы оқу орындарының рөлі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері Сатқанбаев Еркін Тұрниязұлы, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Мәжінбеков Сәкен Аралбайұлы және оқу орнының студенттері мен оқытушылары қатысты. Ұйымдастырылып отырған жиынның басты мақсаты — «Ел экономикасына кәсіби және техникалық мамандарды даярлаудағы оқу орындарының рөлі» атты түсіндірме жұмысын жүргізу мен пікір алмасу.
Кездесу барысында «Қазіргі таңда жастарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар берудің маңыздылығы өте зор. Жоғары немесе орта білім беретін оқу орнын бітірсе, ол жас бір мамандықтың иесі атанады. Бірақ ол таңдаған мамандық қоғамның сұранасына жауап бере ала ма? Қазір тұрмыстық салада қажетті электрик, сантехник, токарь, автоэлектрик деген мамандықтар тапшы. Бұл мамандықтарды жастар 9-сыныпты бітіргеннен кейін кәсіптік-техникалық колледждерде меңгеріп шығады. Сондықтан осы мәселені кеңінен дамытып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Иә, рас болашақ жастардың қолында. Дегенмен, қазір жастарға барлық мүмкіндік бар. Тек дұрыс бағыт бағдар беру керек» деп атап өтті Еркін Сатқанбаев.
Айта кету керек, ел президенті жоғары оқу орындарын жаңа экономикалық бағдардың міндеттеріне сай болуы қажеттігіне арнайы тоқталған болатын. Ал қаламыздағы жетекші оқу орындарының бірі саналатын М.Әуезов атындағы ОҚУ дамыған білім беру және зерттеу инфрақұрылымы бар іргелі білім мекемелердің бірі саналады. Сапалы да бәсекеге қабілетті маман даярлау бойынша оқу орнының мүмкіндіктері кең. Еліміздегі үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіретінін де айта кету керек. Осы орайда жиын барысында М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Сәкен Мәжінбеков «Ел экономикасына кәсіби және техникалық мамандарды даярлаудағы оқу орындарының рөлі» атты түсіндірме жұмыстарын жүргізу үлкен рөл атқарады. Осы жоба аясында көптеген іс-шаралар іске асып жатыр. Солардың бірі және бастамасы – бүгінгі конференция. Кәсіби-техникалық мамандықтар тапшы болғандықтан осы саланы тереңінен оқытып, мықты маман иесі етіп шығару керек. Сонда халыққа да, қоғамға да өз үлестері тиеді» деп атап өтті.