МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА ҚЫРУАР ІС ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ
Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Баспасөз жиынына мемлекет басшысының Жолдаудағы тапсырмасы төңірегінде өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайы арқау болды.
Жиын барысында басқарма басшысы «Нақтырақ айтатын болсам, сегіз өңірде перенеталдық орталық салу көзделіп отыр. Соның бірі осы Шымкент қаласында салынады. Бұл – қуантарлық жағдай. Өйткені біздің қала халқының 40%-нан астамы – ұл балалар. Одан бөлек балалардың тууы көп. Былтырғы жылы 34 000-нан аса бала туылған. Биылғы жылы да 6 айдың ішінде 15 625 бала туылды. Қазіргі таңда бір перенеталдық орталық, үш перзентқана жұмыс істеп тұр. Одан бөлек 315 төсектік балалар ауруханасы бар. Қала тұрғындарына бүгінде 44 емхана қызмет көрсетуде. Оның ішінде он үші – мемлекеттік, ал отыз бірі – жекеменшік. Жергілікті бюджет арқылы екі мекемемізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалада шалғай елді мекендер көп. Осы ретте, алдағы уақытта 2025 жылға дейін 6 емхана салу көзделіп отыр. Медицина саласының сапасын көтеру үшін маман білікті болуы қажет. Биыл 2 932 маман біліктілігін арттырды» деді.
Айта кету керек, мемлекет басшысы биылғы Жолдауда денсаулық сақтау саласын реформалау бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деп атап өткен болатын маңызды құжатта.