ТҰРАНДА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІК КӨП
Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Күні бүгінге дейін қалаға қарасты бірқатар елді мекендер мен шағынаудандарға сапалы электр жарығы тартылды. Көгілдір отын беріліп, ауыз су мәселесі шешімін тапты. Атқарылып жатқан жұмыстар жайын қала әкімі Мұарт Әйтеновтың өзі тексеріп, қажет тапсырмалар беріп келеді.
Мәселен, шаһар басшысы жуырда Тұран шағынауданындағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жалпы аталған шағынаудандағы сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары былтырдан бері қарқынды түрде жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, құрылыс 2 кезеңге жоспарланған. Күні бүгінге дейін құрылыс жұмыстарының 86 пайызы орындалған. Қалған жұмыстар қазан айында толық аяқталмақ. Одан соң абоненттеу жүргізіліп, 3058 тұтынушы сапалы электр қуатымен қамтылады.
Бұған қоса, жалпы ұзындығы 11,6 шақырымды құрайтын магистралдық кәріз коллекторының құрылысы бітті. Қазіргі таңда ішкі орамдық кәріз жүйесі салынуда. Жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бұдан соң шаһар басшысы Тұрандағы газ құрылысын тексерді. Екінші кезек бойынша жұмыстың 90 пайызы орындалып, қазан айы басталғанша №14-29 кварталда орналасқан көпқабатты және 504 жеке тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылады. Ал үшінші кезек бойынша, құрылыс жұмысы ағымдағы жылдың мамыр айында басталған. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 40 пайызы атқарылды. Жалпы Тұран шағынауданындағы 2554 тұрғын үйге 2023 жылы газ құбыры толық тартылып бітеді. Жұмыстардың жоспарға сай және сапалы орындалуын талап еткен қала басшысы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта да құрылыс сапасы қатаң бақылауда болатынын айта кету керек.