КӨПТІҢ ҚОЛЫМЕН 897 ТОННА ҚОҚЫС ЖИНАЛДЫ

Табиғат жалпыға ортақ. Сондықтан да оны аялап, сақтау бәрімізге жүктелген міндет. Өткен аптада  Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздің барлық өңірінде «World Cleanup day 2022»  («Дүниежүзілік тазалық күні») дүниежүзілік экологиялық акциясын өткізуді жоспарлады.  Ағымдағы жылдың 17-қыркүйегіне белгіленген бұл маңызды шараға қатысуда Түркістан облысы   белсенділік танытты.

Облыс аумағындағы қоқыстарды жинап, қайта өңдеуге жіберу және әрбір тұрғынды қоршаған ортаны таза ұстауға шақыруды мақсат еткен шарада автомобиль жолдарының бойы, өзен жағалаулары, саябақтар мен демалыс орындары қоқыстардан тазартылды.
Түркістанда облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған жалпыхалықтық сенбілікке оның орынбасарлары, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Ерлан Абдиев қатысып, түркістандықтармен бірге «Жібек жолы» саябағында ағаш екті. Тазалық шарасына 1 мыңға жуық түркістандық белсене атсалысты.
Облыс әкімі табиғатқа жанашырлық танытуды сөзбен емес, іспен көрсетіп, жалпыхалықтық сенбілікке шыққан барлық азаматтарға алғысын айтып, жерлестерін табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға шақырды. Сонымен қатар ол Жер-анаға жасалатын мұндай қамқорлық тек сенбілік кезінде ғана емес, әрдайым көрініс тауып отыруы тиіс екенін айтты.
Облыс аумағында ұйымдастырылған шараға мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, кәсіпкерлер, қала тұрғындары мен еріктілер белсенділік танытты.
Жалпы республикалық деңгейде өткен акцияға облыс көлемінде 28 948 адам қатысты. Қоқыстар қайта өңдеуге ыңғайлы болу мақсатында сұрыптау тәсілімен жинақталды. «Көп түкірсе – көл» деген. Бір күндік акция аясында өңірде жиналған қоқыстардың жалпы көлемі – 897 тоннаны құрады.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістан облысында 47140 тонна қоқыс жиналған болатын.
Жалпы «World Cleanup day 2022» экологиялық акциясы жыл сайын әлемнің 150 елінде өтеді. Оған 380 миллионнан астам адам қатысады.