ШАРДАРАЛЫҚТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАПТЫ
Түркістан облысында жер қойнауын пайдаланудың жағымсыз факторлары туралы жергілікті жұрттың жанайқайы оқтын-оқтын көтеріліп тұратыны белгілі. Газетіміздің өткен сандарының бірінде Сауран ауданында қиыршық тас пен пайдалы құмды заңсыз өндіру фактісі анықталып, заң талаптарын белден басқан мекеменің жұмысы тоқтатылғаны туралы материал жарияланған.
Дәл осыған ұқсас мәселені Шардара ауданы, 2-ші мөлтек ауданының «Қанай Датқа» ауыл тұрғындары көтерді.
Тұрғындар ауылға тым жақын жердегі карьерден шығып жатқан шаң-тозаңға әбден тұншыққанын алға тарта отырып. Олар осы проблема бойынша Түркістан облысы бойынша экология департаментіне арыз жолдаған. Соған сәйкес аталған департамент басшысының орынбасары ондағы тұрғындармен кездесіп, толғандырған проблемаларымен қанық болды.
Жиын нәтижесінде карьерден шығатын шаңдар желдің екпінімен ауыл аспанына жетіп, тұрғындардың тынысын тарылтпау үшін жақын маңдағы жолға су себіліп, шаңды басу жұмыстары жүйелі жасалып тұратын болды. Ал қандай да бір заңбұзушылықтың болмасы үшін Шардара аудандық полиция бөлімі бақылауды күшейтетінін жеткізді.