БИТУМ ӨНДІРУ КӨЛЕМІ АРТАДЫ

Елімізде алдағы уақытта битум өндіру көлемі айтарлықтай артпақ. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Өз сөзінде министр «2022 жылы битуммен қамтамасыз етуге тоқталсақ, Қазақстан аумағы 3 аймаққа бөлінген. Батыс өңірлер бойынша өндіру жылына 500 мың тонна болған кезде, ең төменгі қажеттілік 191 мың тонна деңгейінде. Солтүстік-шығыс өңірлерде 308 мың тонна қажеттілік өзінің жылына 300 мың тонна өндіруі көлемімен жабылады. Оңтүстік өңірлер бойынша өндіру жылына 374 мың тонна болған кезде, ең жоғары қажеттілік 602 мың тонна шамасында. Қазақстан Республикасының битумға деген жалпы қажеттілігі 1,1 млн тоннаны құрайды» деп атап өтті.
Осы орайда ол битум өндірісінің ұлғайту мәселесіне де тоқталып өтті. Айтуынша, жұмыс істеп тұрған зауыттарды қосымша жүктеу есебінен елдегі битумның жиынтық өндірісін жылына 1,2 млн тоннаға дейін ұлғайту мүмкін болады. CaspiBitum Қаражанбас мұнайын өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін, ал Qazaq Bitum Ресей гудронының импорты есебінен жылына 374 мың тоннаға дейін жеткізеді. Жол-құрылыс компаниялары қысқы-көктемгі кезеңде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Бірыңғай сатып алушысы арқылы қосымша битум көлемдерін сатып алуды жоспарлауы тиіс. Жол-құрылыс жұмыстарының құны битум бағасының конъюнктурасына сай болуы керек. Бұдан бұрын хабарланғандай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке битум тапшылығын тездетіп шешуді тапсырды.