АЛАЯҚТАРДЫҢ КЕЗЕКТІ АЙЛАСЫ ӘШКЕРЕ БОЛДЫ

Алаяқтар қазақстандықтарды ірі дәріхана желісі атынан алдап жатыр. StopFake.kz мәліметінше, What‘sApp мессенджерінде сауалнамадан өтіп, Europharma дәріханалар желісінен медициналық субсидия алуға шақырған хабарлама тарады. Олардың айтуынша, биыл компанияға 56 жыл болады екен. Бұл ақпарат — алаяқтардың ісі.

Дәріханалар желісінің ресми сайтында таралған ақпаратта 150 000 теңге мөлшеріндегі субсидия туралы жазылмаған. Сонымен қатар ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы Europharma желісінің бірінші дәріханасының ашылғанына 27 жыл болады. Ал Instagram желісіндегі ресми парақшада дәріханалар иесі «Aq niet Group» компаниясына биыл 25 жыл болатыны айтылған. Демек, дәріханалар желісінің 56 жылдығы туралы ақпарат жалған.
Сондай-ақ таралған ақпаратта көрсетілген сайт «Aq niet Group» компаниясына тиесілі емес және сауалнамадан өткені үшін ақша ұсынатын жүздеген басқа алаяқтық платформалар сияқты жасалғанына назар аударған жөн. Айта кету керек, ақшалай сыйлық алып, пікір жазған «қатысушылардың» есімдері шетелдік, ал Europharma дәріханалары тек Қазақстанда ғана бар. Кибер алаяқтықтың бұл түрі фишинг деп аталады. Оның көмегімен алаяқтар пайдаланушылардың банк карталарының деректері, жеке аккаунттардың логиндері мен парольдері, электрондық пошта сияқты жеке ақпаратын иемденеді.Сондықтан мұндай хабарламалардан сақ болған жөн.