МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ ЖАРНА ТӨЛЕУДІҢ ЖАҢА ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарна құюдың жаңа әдісі қолданысқа еніп отыр. Мұның ерекшелігі қандай? Артықшылығы бар ма? Нені ескеру керек? Толығырақ тарқатайық…

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров ZOOM платформасында өткен баспасөз мәслихатында былай деді «МӘМС жүйесіне тіркелмегендер жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек пен ауру-сырқаудың алдын алу және медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатада түседі. Осы ретте енгізілген жаңа жарна төлеу механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз. Биыл 5 қыркүйектен бастап МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Ендігіде қатысушы алдын ала бір жылға жарна төлей алады. Бұл мүмкіндікті МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе тұрақты төлемей келген барлық клиент пайдалана алады».
Спикердің айтуынша, осы уақытқа дейін МӘМС жүйесіне тіркелмеген немесе жарнаны тұрақты төлемей келген қатысушылар алдын ала 1 жылдық жарнаны төлеп, жүйеде «сақтандырылған» мәртебесін ала алатын. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен барлық жарна аударымдары сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес Ұлттық банкте сақталады. Ол медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Яғни халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана қор жеткізушілерге төлем жүргізеді» деді ол.