АСПАЛЫ КӨПІР ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУДА
Шымкент қаласына қарасты шағынаудандар мен елді мекендердегі өзекті мәселелер шешімін тауып келе жатыр. Ал атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын қала басшысы арнайы тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатқанын да жиі жазып жүрміз. Бұл жолы шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы темір көпірдің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жеке инвестор есебінен салынып жатқан көпірдің ұзындығы – 18 м, ал ені – 5 м. Еңбекші ауданындағы №12 қалалық аурухана мен Қаратау ауданына қарасты орталық аурухана ортасын байланыстарын, басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға төте жол салып тұрған көпірдің тұрғындар үшін маңызы айрықша. Жаңа көпір жол кептелісін және жүктемесін азайтуға да септігін тигізеді. Сайрам-су өзені үстінен өтетін аспалы ағаш көпір 1986 жылы салынған. Су шайып кеткен соң 1994 жылы ауыл тұрғындары өз есебінен адамдардың жаяу өтуі үшін аспалы темір көпір салып, күтіп ұстау жұмыстарын күні бүгінге дейін жүргізіп келген. Аталған бастама толықтай жүзеге асса, өңірдегі тұрғындардың тағы бір толғақты мәселесі шешімін таппақ.
Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан каналдарға барып, іс барысын бақылаған болатын. Бұрынырақ «Чучмак» және «Көк» каналдарындағы күрделі жөндеу жұмыстарын кешіктірген мекемелерге 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстарының 80 пайыздан астамы бітті. Жоспар бойынша қараша айында ел игілігіне берілуі тиіс.