ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУ ҚОЛҒА АЛЫНҒАН
Жыл сайын жол құрылысына қыруар қаржы бөлінеді. Сондықтан бақылаудың қатаң болуы заңдылық. Елімізде автомобиль жолдарының сапасына терең талдау жасайтын Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жұмыс істейді. Жуырда ақпараттық-коммуникациялық орталығында ҚР ИИДМ «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Дүйсембеков орталықтың үш жылда атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.
Жиын барысында спикер «2019 жылдың наурыз айында Үкіметтің қаулысы бойынша құрылған «Ұлттық сапа орталығының» басты міндеті – үш бағытта жұмыс істеу. Біріншісі – жол жөндеу жұмыстары, сараптама жасау және де жол құрылыс материалдарына сараптама жасау, екіншісі — автомобиль жолдарына диагностика жасау, үшінші — ведомоствалық сараптама жасау. Осы уақытқа дейін филиал Білім басқармасымен бірлесіп, болашақ жол құрылысы мамандарын дайындау мақсатында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. 2020 жылы 50-ге жуық мектеп қамтылса, 2021 жылы қаламыздың барлық мектептерінде кездесулер ұйымдастырылды. Ал 2022 жылы 70-ке жуық мектепте кәсіби бағдар беру жұмысы жүргізілді» деп атап өтті.
Жол саласы маманының мәлімдеуінше, үш жылда сынақ зертханасы 745 сараптама өткізіп, 1 632 ақауды анықтаған. Оның ішінде өрескел ақаулар саны – 150. Филиал қызметкерлері «Сапалы жол – адалдық алаңы» кеңсесімен бірлесе отырып, жол сапасына қатысты заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында 24 рейд ұйымдастырған. Осы жылы да 205 нысанға рейд жүргізіліп, нәтижелері бойынша 198 кемшілік пен ақаулар анықталып отыр. Олардың қатарында жол белгілері беріктігінің сәйкес келмеуі, бетонның сапасы сияқты түйткілдер бар. Сондай-ақ сыналған 780 құрылыс материалының 556-сы талапқа сай келмейтіндігі белгілі болған.
Бұдан бөлек, орталық тарапынан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен және Жол-көлік колледжімен болашақ жол мамандарына бағыт-бағдар беру мақсатында меморандум түзіліп, тұрақты түрде іс-шаралар өткізіліп тұрады. Үш жылдың ішінде 9 студент ақылы өндірістік тәжірибеден өтсе, қазіргі таңда М. Әуезов атындағы ОҚУ түлегі сынақ зертханасында қызмет атқаруда.