ҰЛТТЫҚ БІРТҰТАСТЫҚ – ДАМУ КЕПІЛІ

Елімізде этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлу күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан бірлік пен татулықты ту еткен жиындар мен шаралар жиі өтіп тұрады. Мәселен, Шымкент қаласы, жақында ғана Қаратау ауданы, Сайрам тұрғын алабында жергілікті тұрғындармен қоғамдық келісім мәселесіне арналған кездесу өтті.

Кездесуге жергілікті этнос өкілдері мен ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың мүшелері, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары А.Парманов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің маманы Ж.Әлжанова, қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Н.Әбдікәрім қатысты. Кездесу барысында аталған азаматтардан бөлек, абыройлы ақсақалдар мен белсенді азаматтар сөз сөйлеп, пікірлерін айтты. Берекелі бірлікті бекемдеуді көздеген ашық диалог алаңына осы аумақтағы мектептердің жоғары сыныбында оқитын оқушылар да арнайы шақырылды.
Кездесуде өскелең ұрпақ — жас буынға дұрыс тәрбие беру, қоғам мүшелерін ұлтына, тіліне, дініне қарап, кемсітпеу мәселелері байсалды түсіндірілді. Жиында сондай-ақ, Сайрам тұрғын алабында қалыптасқан этносаралық ахуал, қоғамдық келісімді сақтау, құқықтық тәрбие, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу сынды бірқатар жайттар сөз болды.
Осыған ұқсас шара біраз уақыт бұрын Маятая тұрғын алабының жергілікті ақсақалдарымен, белсенді тұрғындарымен өткен болатын. Аталған жиынға Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Д.Амангелдиев пен қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкері Н.Әбдікәрім қатысты. Кездесуде өңірде қалыптасқан этносаралық ахуал, қоғамдық келісімді сақтау, құқықтық тәрбие, сияқты мәселелер жан-жақты сөз болды. Басқосуға жиналғандар бірауыздан барлық қазақстандық межеленген мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлікті сақтау керектігін сөз етті. Сондай-ақ, Жолдауды іске асыруда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың және отанымыздың өркендеуінің берік кепілі болатынына сенімді екендіктерін айтты.