БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Елімізде білім саласының дамуы үшін қыруар іс қолға алынып жатыр. Көптеген білім ордаларының материалдық-техникалық базасы нығайды. Мектептердің ғимараттары да жөнделді. Нәтижесінде білім сапасы да артып келеді. Десе де іс мұнымен тоқтап қалмақ емес. Толығырақ тоқталайық…

Аппарат жиналысын өткізген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуда өңірлерде жиі кездесетін мәселелерді атады. Оның айтуынша, инклюзивті сыныптарда оқитын балаларды жан басына қаржыландыру үшін мектептер екі есе қаражат алуы керек. «Жан басына қаржыландыру мәселесі өте маңызды. Біз ерекше білімді қажет ететін балаларды жан басына қаржыландыру коэффициентін белгіледік. Ол 2 коэффициентке тең. Егер бізде жалпы мектепке баратын балаларды жан басына қаржыландыру 500 мың болса, ал инклюзивті сыныптарда оқитын балалар үшін сіздер екі есе қаржы алуларыңыз керек. Бірақ өңірлерге барғанда осы қағиданың толық орындалмай жатқанын көріп жатырмыз. Сондықтан білім басқармалары және бөлімдері осы мәселені бақылауға алып, тиісті шешім қабылдауы керек. Сіздер оны қалайсыздар ма, қаламайсыздар ма, заң бойынша солай болуы тиіс. Егер ерекше білімді қажет ететін бала мектепке келетін болса, сол бала үшін қаржыны екі есе көп алу керек. Өйткені ол балаға қосымша тьюторлар керек, тисті орта қалыптастыру қажет. Біз осы оймен осындай шешім қабылдаған болатынбыз» деп атап өтті министр.
Сонымен қатар министр мүмкіндігі шектеулі балаларды балабақшаларға орналастыру мәселесіне де тоқталды. «Егер балабақшаға ерекше бала келсе, онда сол топтағы үш бала қысқаруы керек деген қағида бар. Маған әріптестерім жазып жатқандай, осы қағиданы орындау өте қиын. Неге? Өйткені, 25 бала балабақшаға алынып қояды. Кейін ерекше білімді қажет ететін 3 бала келсе, топтағы 9 бала азаюы керек. Бірақ оны қысқарту қиын. Сондықтан осы мәселенің шешімін тауып, алдын ала бір ұсыныс беріңіздер» деп жергілікті білім басқармалары мен бөлімдеріне міндет жүктеді министр.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев аталған жиында 2026 жылға дейін мектептердегі тапшылық 1 млн 117 мың 900 орынды құрауы мүмкін екенін айтты. «Үш ауысымды мектептердің жоғары үлесінің сақталу себептерін анықтау және болжамды контингентті ескере отырып, 2026 жылға дейін оқушы орындарының тапшылығын одан әрі есептеу үшін экстраполяция әдісі қолданылды. Бұл әдіс өткен кезеңдерде байқалған үрдістер мен болжамды динамиканы ескере отырып болашақ көрсеткіштерді анықтауға негізделген. Осылайша, контингенттің жыл сайынғы өсімінің болжамы негізінде 2026 жылы білім алушылар саны 4,3 млн оқушыны құрайды. Атап айтсақ, 2022 жылы – 3,6 млн, 2023 жылы – 3,8 млн, 2024 жылы – 4 млн және 2025 жылы 4,3 млн балаға жетеді. Бала туу, урбанизация, өңірішілік және өңіраралық көші-қон, сондай-ақ 1950 жылға дейін салынған мектеп ғимараттарының тозуы көрсеткіштерін ескере отырып, 2026 жылға дейін оқушы орындарының болжамды тапшылығы 1 117,9 мыңды құрайды» деп болжам нәтижелерімен бөлісті вице-министр.