ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ: ҚОҒАМДЫ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?
1 қыркүйек күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жетінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясын ашып, халыққа Жолдау жариялады. Бұл жолғы Жолдауда да қоғамның көкейін тескен өткір мәселелер көтерілді. Бұқараның ойында жүрген бастамалар жайы сөз болды. Елдің еңсесін тіктеп, болашақ бағытын түзейтін нақты тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта қоғамды қандай өзгерістер күтіп тұр? Бастамалар халықтың өміріне қалай әсер етпек? Тарқатайық…
Ең әуелі әлеуметтің әлеуетіне тікелей әсер ететін бастамадан бастайық. Мемлекет басшысы ең төменгі жалақының өсетінін айтты. Нақтырағы «Еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру – халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы. Мемлекет ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізеді. Бұл әдіс оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Біз зейнетақы жүйесін де қайта жаңғыртамыз. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу қажет. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл қадам 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшерін орташа алғанда 27 пайызға көбейтуге мүмкіндік береді» деді. Демек 2 миллионға жуық азаматтың табысы артады. Зейнетақы мөлшері көбейеді. Мұның әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалардың салқынын қымбатшылық арқылы сезіп отырған бұқараға қолдау болары анық.
Сонымен қатар әйелдердің зейнет жасы да 2028 жылға дейін 61 жас болып қалады. Аталған мәселе біраз уақыттан бері қоғамда кең талқыланып келе жатқан болатын. Жалпы ел билігі әйелдердің зейнетке шығу жасын 2018 жылдан бастап жыл сайын алты айға өсіріп келе жатыр. 2022 жылдан бастап әйелдер зейнетке алпыс жарым жаста шығатын болған. Бастапқы жоспарға сүйенсек, 2027 жылға қарай бұл меже 63 жасқа келіп тоқтауы керек еді. Дегенмен биыл әйелдердің зейнет жасын төмендету бойынша бірқатар даулар да орын алды. Бертін келе Үкімет басшысы Әлихан Смайылов зейнет жасын төмендету зейнетақы қоры көлемінің азаюы мен сол жүйеден төленетін төлемдердің қысқаруына әкелетінін де айтқан. Әйтсе де нақты әрі халыққа қолайлы шешім қабылданбады. Енді міне мемлекет басшысы аталған басы ашық сауалды қаузап, нақты тапсырма беріп отыр.
Бала күтімі бойынша төлемдер 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір жарым жылға ұзарады. Өз сөзінде ел президенті «Ата-аналар нәресте үшін ең маңызды кезеңде балаларымен ұзағырақ болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшін жұмысынан айырылу бойынша төлемдер орташа айлық табыстың 45 пайызына дейін артады. Бұл олардың қызметіне оңай әрі жылдам оралуына көмектеседі» деді. Аталған мәселе бұған дейін де көтеріліп, қозғалып келе жатқан болатын. Енді жаңа жылдан бастап іс жүзінде жүзеге аспақ. Ескерте кету керек, аталған норма 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап туылған балаларға ғана қатысты емес. Оған дейін де нәрестені дүниеге әкеліп, 1 жасқа дейінгі төлемді алып отырған аналар да бұл бастаманың игілігін көрмек.
Жолдауда айтылған тағы бір тың бастама – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Мемлекет басшысы бұл туралы «Жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналды. Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әр отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты қайтарым алуға тиіс. Сол себепті мен жариялаған Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасын іске қосу өте маңызды деп есептеймін» деді. Яғни алдағы уақытта әр баланың атына шот ашылып, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысынан 50 пайыз аударылып отырады. Бала кәмелет жасына толғаннан кейін жиналған соманы үй немесе білім алуға жұмсай алады. Ал оның шамамен қанша қаражат болатыны турасында мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Үкімет пен Ұлттық қордың есебіне сүйеніп, шамамен 3 мың АҚШ доллары болатынын жазды. Осындайда ырық бермей бара жатқан инфляцияның әсерінен шоттағы жинақ құнсызданып кетпей ме деген заңды сауалдың туатыны хақ. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы мұның да жауабын берді. Оның айтуынша, қаражат шетел валютасында болады. Сонымен қатар жинақ бойынша пайыздар да есептеледі. Бұл шаралар шоттағы қаржыны инфляциядан қорғауға мүмкіндік бермек.
Ел президенті Жолдауда жастардың мәселесіне айрықша тоқталып өтті. Нақтырағы «Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деді. Жастарды қолдау шаралары бұған дейін жүзеге асып келе жатыр. Қазірдің өзінде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсіп ашқан жастардың қатары қалың. Ал болашақта 2,5 пайызбен несие беру бастамасы қолға алынса, жастардың кәсібін дамытып, шаруасын дөңгелетуіне зор ықпал етпек.
Сонымен қатар білім саласы да мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Қазірде өзекті де өткір мәселелердің қатарында мектептердің материалдық-техникалық базасының жеткіліксіздігі мен ғимараттардың ескі болуы бар. Қала мен ауылдағы білім беру ісінде де ауқымды айырмашылықты аңғаруға болады. Дегенмен Жолдауда осы олқылықтардың орнын толтыру қажет екені айтылды. 2025 жылға дейін 800 мың баланың жаңа мектепте білім алуына жағдай жасалмақ. Апатты және үш ауысымдық мектептердің мәселесі де толық шешіледі. Бұдан бөлек, жемқорлықпен ұсталып, түрмеге тоғытылғандардың заңсыз тапқан қаражаты мектептердің құрылысына жұмсалады. Қазіргі уақытта жоғары оқу орнында білім алуға баршаның бірдей мүмкіндігі жоғы бесенеден белгілі. Сондықтан болашақта білім алуға 2-3 пайызбен несие де берілмек. Мұның өзі ҰБТ-дан тиісті балл жинай алмай, қалаған мамандығына түсе алмаған жастарға едәуір қолдау болары белгілі.
Елімізде біраз уақыттан бері сапалы жолдың мәселесі көтеріліп келе жатыр. Аудандағы немесе қаладағы көшелерді айтпағанда, бірнеше облысты жалғап жатқан жолдардың өзінің сапаға жауап бере алмай жататыны жасырын емес. Мұның өзі еліміздегі логистика саласының дамуына үлкен кедергісін келтіріп-ақ жатыр. Осыны ескерген мемлекет басшысы Жолдауда «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс» деп атап өтті. Енді салада серпіліс болып, сапаның артатынына сенім мол.
Қорыта келгенде мемлекет басшысының кезекті Жолдауында қоғамда қордаланған күрделі мәселелерді шешу тетіктері айтылды. Сонымен қатар бұқараның ойында жүрген бастамалар жайы да сөз болды. Ал енді оны жүзеге асыру – уақыттың еншісіндегі дүние. Елдің дамуы, экономиканың гүлденуі мен қоғамның алға жылжуына әрбір қазақстандықтың үлес қосатынын ұмытпасақ болғаны…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.