АСАР-2 ШАҒЫНАУДАНЫНДА ҚЫРУАР ІС ҚОЛҒА АЛЫНҒАН

Шымкент қаласына қарасты шағынаудандар мен елді мекендерде инженерлік инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Мәселен, Асар-2 елді мекенін сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700-ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Алайда шағынауданда инфрақұрылым жобаларына енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар.

Жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңі аяқталады. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тартылуда. Сондай-ақ, аталған елді мекенде табиғи газбен қамту жұмысы жүргізілуде. Қазіргі кезде құрылыстың 40%-ға жуығы аяқталды. Жоспар бойынша пайдалануға 2023 жылы берілмек. Бұдан бөлек, Асар-2 елді мекенінде кәріз құрылысы қарқын алуда. Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 60%-дан астамы орнатылды. Нысан келесі жылы қолданысқа беріледі.
Жалпы Қаратау ауданында 2023 жылы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталады. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елді мекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі. Достық пен Асар-2 тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ.
Биыл табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді. Бұл мақсатта Тұран, Тассай, Нұртас, Қайнарбұлақ, Асар-2 елді мекендерінде құрылыс жұмыстары басталады. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. Ал Мирас, Ақжайық, Тұран ішкі магистралы, Асар-2, Тассай, Достық елді мекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Асар-2, Тассай, Достықта жұмыстар алдағы жылы аяқталады. Бұдан бөлек, 2022 жылы 39 көше жарықтандырылады. Нәтижесінде аудандағы өзекті мәселелердің дені шешімін таппақ.