ДОСТЫҚ САПАЛЫ ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Шымкент қаласы, Қаратау ауданына қарасты Достық шағынауданындағы ең өзекті мәселенің бірі – сапалы электр қуатымен қамту. Дегенмен аталған мәселені шешу мақсатында ешқандай жұмыс қолға алынып жатқан жоқ деуден аулақпыз. Бастамалар көтеріліп, қолға алынған.

Толығырақ тоқталар болсақ, бүгінде электр тарату бекетіне керекті жабдықтар орнатылды. Жалғап қосу, қосылу көзіне кабель желісін жалғау және 13 электр трансформаторларын орнату, 7 шақырым 10 кВ кабель желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 83%-ы аяқталды. Қарашада абоненттеу жұмыстары жүргізілмек. Сапалы электр қуатымен қамту үшін 8 нысанда құрылыс жұмыстары қарқын алған.

Айта кету керек, Достық шағынауданына жуырда көгілдір отын берілген болатын. Оның құрылысы 2021 жылы басталған. Биыл жалпы ұзындығы 46,06 шақырымды құрайтын газ жүйесі тартылып, ел игілігіне берілді. Құжаттары түгел үйлер көгілдір отынға қосылып жатыр. Жалпы Достық шағын ауданында 2686 үй, нақты 15 750 тұрғын бар. Абонемент саны – 2 625. Мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» ЖШС-гі жобаны 957,838 млн теңгеге атқарып, жұмысты мерзімінде аяқтаған. Осылайша, қаладан шалғайда жатқан шағынауданның мәселесі бірте-бірте шешіліп келе жатыр.