КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 60 ПАЙЫЗҒА ЖЕТПЕК

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым мәселесін шешу мақсатында қырауар істің атқарылып жатқанын жазып жүрміз. Соның ішіндегі ең өзектілерінің бірі – кәріз жүйесі. Нақты көрсеткіштерге келсек, бүгінгі таңда үшінші мегаполистің 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылған. 

Дегенмен қолға алынған жұмыстар аз емес. Жоспарлы жұмыстар аяқталса, биылдың қорытындысымен көрсеткіш 60 пайызға жетпек. Бұл – 65 мыңға жуық тұрғынның мәселесі шешіледі деген сөз. Нақтырағы, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елді мекендері кәріз жүйесіне қосылады. Ал Асар-2, Тассай, Тұранның ішкі жүйелері, Достық, Қайтпас-2, Солтүстік-Батыс шағынаудандарындағы құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады. Сонымен бірге Достық КНС (қайта құру), Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Бозарық 74 га аумақтағы құрылыс жұмысы аяқталады. Ал Нұртас, Тараз шағынауданы, Айша бибі көшесі, 112 орам құрылысы осы жылы басталмақ. Қаламыздың даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.
Жалпы Шымкентте инженерлік инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Қазіргі уақытта қала маңындағы шағынаудандар мен елді мекендерді сапалы ауыз сумен, электр жарығымен, көгілдір отынмен қамту мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Қанағаттанарлық және жақсы жолдардың үлесін арттыру бағытында да игі бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылуда. Құрылысы біткен нысандардың сапасын шаһар басшысының өзі тексеріп, қажет тапсырмаларды беріп келеді.