ЖЕР ҚОЙНАУЫН ЗАҢСЫЗ ПАЙДАЛАНУ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ
Түркістан облысы бойынша Экология департаменті қолданыстағы экологиялық кодекс талаптарының сақталуын орындау мақсатында ағымдағы жылдың 6 айында 33 тексеру жүргізген. Оның 12-сі профилактикалық бақылау болса, қалғаны жоспардан тыс өткізілген. Нәтижесінде 151 әкімшілік іс қозғалып, тәртіпті белден басқандарға жиыны 327 млн теңге айыппұл салынған.
Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Қанат Қалмаханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілері бойынша 14 іс-құжат қаралған. Келтірілген экологиялық залалдың қарастырылған шектен асуына байланысты тиісті тұлғаларға қадағалаушы орган арқылы ішкі істер органдарына процессуалды шешім қабылдау жолданды. Келтірілген залалдың жалпы көлемі 3,9 млрд теңгені құрады.
Қазіргі таңда «Эль-Дин» ЖШС бойынша қылмыстық іс толығымен аяқталып, нәтижесінде аталған мекеме кінәлі болып танылды.
Қылмыстық іс бойынша тергеушінің қаулысына сәйкес Түркістан облысы бойынша Экология департаменті тарапынан экономикалық сотқа 814 млн теңгені құрайтын залалды бюджетке өндіру мақсатында талап-арыз жолданды. Залалды толығымен өтеу бойынша соттың шешімі шықты.
Сонымен бірге 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында департаментке ішкі істер органдарынан әкімшілік өндірісін жүргізуге 58 іс-құжат келіп түскен. Келіп түскен іс-құжаттар бойынша жиыны 337 мың тенге айыппұл салынды. Келіп түскен іс-құжаттың 36-сы заңмен белгіленген ережелерге сәйкес емес болғандықтан кері қайтарылды. Тағы бес іс қаралуда.
Айта кетейік, Түркістан облысы Экология департаменті жер қойнауын қорғаудағы бақылауын әкімшілік өндіріс арқылы жүргізеді.