13 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкент қаласының құрылыс басқармасына 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынып жатыр. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев мәлімдеді.

«Шымкент қаласының құрылыс басқармасы негізгі ірі құрылыс нысандарына жұмыс тапсырушы болып табылады. Оның ішіндегі негізгі нысандардың бірі тұрғын үй құрылысы болып табылады. Шымкент қаласында тұрғын үйге сұраныс өте жоғары екендігін ескере отырып, биылғы жылы 2 972 пәтері бар 51 тұрғын үй салынуда және жылдың аяғына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр» деді басқарма басшысы. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда инженерлік инфрақұрылым бойынша 15 нысан (Тұран ш/а 5 жоба, Бозарық ш/а 6 жоба, ӘІО 2 жоба және Жаңаталап т/а 2 жоба) жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, білім саласында да құрылысы жүріп жатқан нысандар бар. Атап айтқанда, 8 мектеп, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығы салынып жатыр. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарланып отыр.