ШЫМКЕНТ: ОҚУШЫЛАРДЫҢ МЕКТЕП ФОРМАСЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Бұдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде мектеп формасына қатысты дау көтерілген болатын. Міне сонда көпшілік нақты мектеп формасының үлгісін бекіту ұсынысын айтқан еді. Енді жуырда Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киетінін айтты.
Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қаланың бас ұстазы «Өткен жылы 25 мың бала 1-сыныпқа қабылданған болатын. Биыл 27 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Оның 98 пайызға жуығы бүгінде құжатын тапсырып үлгерді. Сонымен қатар, биыл 56 586 ата-анадан бір реттік мектеп формасымен қамтамасыз етуге өтініш түсті. Талапқа сәйкес, жергілікті бюджеттен әр балаға мектеп формасы үшін 35 мың теңгеден қаржы қаралып отыр. Жыл сайын оқу жылы қарсаңында көп талқыланатын тақырыптың бірі — мектеп формасы. Мектеп формасының түсін биыл әр мектеп емес, өңір таңдайтын болды. Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді. Мектеп формасына әр мектептің эмблемасын тағуға ғана рұқсат беріледі» деді.
Осы тұста айта кетерлігі, жаңа оқу жылында 1-4 сынып оқушылары жыл бойы бірреттік ыстық тамақпен қамтылады.