БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ АРНАЛҒАН ШАРА ӨТТІ

Журналист — қоғамның айнасы, әлеуметтің тамыршысы. Жат ағым мен теріс пиғылдың бетпердесін сыпырып, қоғамға айқын көрсету сынды жауапты қызметті желкесіне жүктеген маман. Сондықтан оның білімі мен тәжірибесі, біліктілігі мен танымы айрықша маңызға ие. Осы орайда, журналистердің біліктілігін арттыру ісіне айрықша назар аударылып келе жатқанын айта кету керек. Мәселен, өткен аптада Шымкентте «Бүгінгі медиа: біліктілік және қоғаммен байланыс» атты семинар-тренинг өтті.

Қалалық ішкі саясат және жас істері жөніндегі басқарманың бастамасымен өткен семинарға журналистер мен баспасөз қызметінің өкілдері қатысты. Семинардың алғашқы күнінде басқарма өкілдері мен белгілі журналистер, блогерлер тәжірибелерімен бөлісті. Жиында журналистиканың даму бағыты, БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістер жайы сөз болды.
«Бұл семинардың берері мол болмақ. Мемлекет басшысы Жолдауында БАҚ саласына баса мән берген еді. Қазіргі заманда медианың алар орны ерекше. Жаңа Қазақстанды құруға БАҚ өкілдері де атсалысуда» деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Мұхтар Сейітжаппаров. Ал «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан өз ойын былай түйіндеді «Журналист тек ақпарат жеткізуші емес, қоғамның қозғаушы күші де бола алады. Сондықтан БАҚ өкілінің дүниетанымы неғұрлым кең болса, бұқараға тигізер пайдасы да соғұрлым мол болады. Одан кейін, әсіресе, журналистерге айтарым, бір саланың мықты маманы болсаңыз, ұтарыңыз көп. (Тақырыбын тапқан адам( деп сондайды айтамыз».
Жиынды одан әрі жалғастырған медиа сарапшысы Өркен Кенжебек дәстүрлі журналистика мен блогингтің айырмашылығын жіліктеп берді. Журналистикада 12 жылдан астам уақыт істеген маман жеке блог жүргізудің қыр-сырымен бөлісті. Бұдан бөлек, «Qazaqstan» ұлттық арнасының Шымкенттегі меншікті тілшісі Ғани Қалмахан телевизиялық сюжет жасау туралы әңгімеледі. Журналистер мен баспасөз хатшылары өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды, пікірлерін ортаға салды. БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру бастамасына елімізге белгілі журналистер Бейсенкүл Нарымбетова мен Зәуре Оралбаева мұрындық болғанын айрықша айта кеткеніміз жөн.