ҚҰРСАЙЛЫҚТАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛУДЕ

Шымкент қаласына қарасты Құрсай шағынауданындағы өзекті мәселенің бірі – сапалы ауыз су. Дегенмен мәселе шешіліп жатқан жоқ дегеннен аулақпыз. Бүгінде аталған өңірде инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқын алған. 8 мыңға жуық тұрғыны бар аймаққа сапалы ауыз су құбырларын тарту жұмыстары 2021 жылы басталған.

Жалпы ұзындығы 336 шақырымнан асып жығылатын су жүйесін тарту жұмысы ІІ кезең бойынша жүзеге асырылып келе жатыр. Өткен аптада қала әкімі Мұрат Әйтенов шағынауданға барып, істелген жұмыстармен танысты. Бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 72 пайызы орындалған. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгенде 17 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырымды құрайды. 2021 жылы басталған құрылыс биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Қазір бұл нысанда жұмыстың 74 пайызы аяқталған. Аталған құрылыс жұмыстары толығымен жүзеге асса, құрсайлық ағайынның көкейін тескен түйткіл толықтай шешілмек.