ТАЗА АУЛА – ТАЗА АУА

Шымкент қаласында аулалардың таза, ойын алаңшаларының жеткілікті болуы үшін қыруар іс атқарылып келе жатыр. Бүгінгі таңда қалаға қарасты Абай ауданындағы 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген. 2014 жылдан бері жалпы 222 аула абаттандырылып, 56 спорт алаңшасы салынған.

Өткен жылы 21 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру, 12 спорт алаңшасын ағымдағы жөндеу, 35 спорт алаңшасын орнату жұмыстары жүргізілген. «Шымкент қайырымды қала» қоры арқылы демеушілермен 4 спорт алаңшасы орнатылған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданын аралау барысында атқарылған жұмыстарды көріп, жоспарлы құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. 2022 жылы аудандағы Республика 34 көпқабатты үй ауласында балалар ойын алаңшасы салынады. Қазір құрылысы аяқталуға жақын. Мердігер мекеме нысанды 1 ай көлемінде ел игілігіне тапсыратынын айтты.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс нысандарын тексеру барысында бірқатар ойын алаңшаларын аралап шықты. Ол қатарда Ә.Молдағұлова көшесіндегі №44 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы салынып жатқан балалар ойын алаңшасы да бар. Қазіргі таңда қауіпсіз ойын элементтері орнатылуда. Шілдеде пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жалпы жоғарыда аталған ауданда биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру және 10 спорт алаңшасын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Толық аяқталғаннан кейін тұрғындарға пайдалануға беріледі.