№72 МЕКТЕПТЕГІ ҚҰРЫЛЫС КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛАДЫ
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта оқушылар санының көптігіне байланысты мектептерде орын тапшылығы айқын сезілуде. Аталған түйткілдің салдарынан балалар бірнеше ауысымда оқуға мәжбүр. Десе де оны шешу мақсатында ешқандай іс атқарылып жатқан жоқ келісуге болмайды. Мәселен, Шымкент қаласында білім ордаларының жанынан қосымша ғимараттар салынуда.
Үшінші мегаполистегі С.Нұрмағамбетов атындағы №72 жалпы орта білім беретін мектептің сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Білім мекемесінде 3 556 оқу жылын аяқтады. Оқушы саны шамадан тыс көп болғандықтан, қосымша ғимарат қажеттігі туындаған. Сондықтан білім ордасында қосымша ғимарат салу бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов білім нысандарын аралау барысында №72 мектепте жүріп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.
Салынып жатқан оқу корпусының сыйымдылығы – 375 орын. Екі ауысымда 700 жүзден аса оқушы білім алуға болады. Қолданысқа берілген нысанда балалардың білім алуымен бірге 27 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал үш қабаттан тұратын ғимараттың жалпы ауданы – 1350,74 шаршы метр. Құрылыс жұмысы осы жылдың наурыз ауында басталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталса, білім ордасындағы өзекті мәселелер біршама шешімін табады.