ШЫМКЕНТКЕ КЕЛУШІЛЕР ҚАТАРЫ КӨБЕЙГЕН

Соңғы уақытта Шымкент қаласына келетін қонақтар қатары артып келе жатыр. Қонақжай тұрғындарымен талайды өзіне тартатын шаһарға табан тіреушілердің саны қала күні қарсаңында күрт көбейген. Оны әуе рейстері мен пойыз қатынастарында сатылым билеттер санының азаюынан білуге болады. Әсіресе демалыс күндері қарсаңында алдын ала брондау арқылы сатылған билеттер саны көп.

Өткен аптада 119 рейспен 22 мыңға жуық адам қалаға келген. Бұдан бөлек, Шымкент теміржол вокзалы арқылы шамемен 170-ке жуық пойыз қатынасының жүруі де жоспарланған. Бұл орташа есеппен Шымкентке пойыз арқылы 40 мыңнан астам адам саяхат жасағанын білдіреді. Осы күндері әуежайдағы тұрақты рейстер бойынша еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей, Қостанай және шетелдің Анталия, Кутаиси, Стамбұл, Мәскеу және өзге де қалаларынан келушілер тіркелген. Ал чартерлік рейстер қатарында Ақтөбе, Жезқазған, Павлодар, Петропавл, Тараз, Қызылорда және Қарағанды қалаларына әуе рейстері қатынаған. Сондай-ақ жыл басынан бері халықаралық бағытта Анталия, Шарм-эль-Шейх, Дубай, Мәскеу, Бішкек, Ош, Медина, Гоа, Шарджа және өзге де қалалармен чартерлік әуе рейстері қатынап келе жатыр.
Ресми деректерге сүйенсек, осы жылдың үш айында Шымкентке 97 мыңнан аса адам келіп, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі үшінші орынға ие болған. Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған іс-шаралардың жоғары деңгейде өткенін осындай деректер арқылы да білуге болады деген ойдамыз. Сөз жоқ, үшінші мегаполистің көркі күн санап артып келе жатыр. Мұның өзі туристерді тартуға үлкен септігін тигізуде.