ШАҺАР БАСШЫСЫ №3 БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ЖҮРІП ЖАТҚАН ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫ
Шымкент қаласында биыл бірқатар мекемелердің ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Солардың бірі — №3 балалар үйі. Аталған мекеме 1937 жылы ашылған. Бүгінде балалар үйіне тиесілі 9 ғимараттың алтауы сараптама қорытындысына сәйкес жарамсыз деп танылған. Қала әкімі Мұрат Әйтенов білім нысандарын аралау барысында №3 балалар үйін күрделі жөндеу жұмыс барысын тексерді.
Күрделі жөндеу жұмыстары аясында екі қабатты ғимараттың едендері мен есік-терезелері ауысып, шатыры жөнделеді. Тозығы жеткен электр жүйесі, су құбыры мен кәріз және жылыту жүйелері жаңарады. Балалар үйіндегі негізгі ғимарат 1964 жылы пайдалануға берілген. Сыйымдылығы 50 орынға лайықталған. Қазір мұнда 47 бала тәрбиеленуде. Осы жылдың сәуір айында жөндеу жұмысы басталғаннан балалар №4 балалар үйіне орналастырылған болатын.
Мекеме ғимаратын аралау барысында шаһар басшысы «Балалар үйінің жөндеу жұмысы жоғары деңгейде, әрі сапалы болуы керек. Өйткені балалар —біздің болашағымыз. Олардың мұнда өсіп, білім алуында ешқандай кедергі болмауы қажет. Көбіміздің ата-анамыз бар болса, мұндағы балалардың қамқоршысы – мемлекет» деп атап өтті. Бүгінде жалпы құрылыс жұмыстарының 40 пайызы орындалған. Пайдалануға беру мерзімі қазан айына жоспарланып отыр.