ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 29 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН
Шымкент қаласына тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Үшінші мегаполиске қаржының құйылуы, біріншіден, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болса, екіншіден, бюджеттің бүйірін толтырады. Мәселен, биыл 5 айда қала экономикасына 131,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29%-ға ұлғайған.
Бұл жөнінде ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов күн тәртібіне сәйкес, инвестициялық саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндады. Өңірде жыл соңына дейін 538 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 16%-ға көп. Аталған көрсеткішке 2022-2025 жылдары қалада жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн теңге құрайтын 242 инвестициялық жобаның пулы әсер етпек. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі саласында құны 550 млрд теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылады.
Шаһар басшысы өз сөзін «Шымкент қаласының әкімдігі 2025 жылға дейінгі инвестиция тарту жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Біздің жоспарымыз бүгінгі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен ұсынылған 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады» деп түйіндеді.
Айта кету керек, Шымкентте жалпы аумағы 743 га құрайтын 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары да басталып кеткен.