ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Жазда жол құрылысының қарқын алатыны белгілі. Биыл Шымкент қаласында орталық көшелер емес, шалғайдағы елді мекендер мен шағынаудандардың жолдарын жөндеуге айрықша назар аударылатыны турасында газетіміздің бұрынғы сандарында жазған едік.

Бүгінде аталған бағытта жұмыс жанданып, құрылыс қарқын алған. Мәселен, Қаратау ауданы Қызыл су тұрғын алабының Гулистан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда, қала әкімі Мұрат Әйтенов аумақтағы атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Гулистан көшесінде жүріп жатқан жол құрылысының ІІ кезеңі атауы жоқ көшенің соңына дейінгі аралықты қамтиды. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 2,7 шақырым, ал ені – 5 метр. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал ІІ кезеңнің жалғасы КХ-41 автомобиль жолының атауы жоқ көшеге дейінгі аралығын алып жатыр. Ұзындығы 2,1 шақырым болатын көшенің орташа жөндеу жұмыстары толық біткен.
Жол құрылысының ІІІ кезеңіне сәйкес жұмыстар КХ-41 автомобиль жолынан атауы жоқ көшеге дейінгі аралықта жүріп жатыр. Көшенің ұзындығы – 2 шақырым, ені – 5 м. Қазіргі таңда асфальтбетон жамылғысының бірінші қабаты төселіп, жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Екінші қабатын төсеу жұмыстары маусым айының соңына жоспарланған. Жұмыстар аяқталса, өңірдегі ағайынның өзекті мәселесі шешімін табады.