ҚАЛА ӘКІМІ АҚТАСТА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласында шағынаудандар мен шалғайда жатқан елді мекендерді газбен қамту жұмыстарының қарқын алғаны белгілі. Атқарылып жатқан жұмыстар жайы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тікелей бақылауында екенін бұрын да жазғанбыз. Шаһар басшысы бұл жолы Ақтас, Ақтас-2 шағынаудандарына барып, газбен қамту жұмыстарының қай деңгейде жүріп жатқанын тексерді.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Ақтасқа газ құбырын тарту жұмыстарының 65 пайызы орындалған. Ағымдағы жылдың тамызына дейін барлығы аяқталады деп жоспарланған. Құрылыс бітсе, 225 үй көгілдір отынмен қамтылады. Ал Ақтас-2 шағынауданында атқарылған жұмыстардың көрсеткіші 60 пайызды құрап отыр. Нысан құрылысына 223,6 миллион теңге қаралған. Күні бүгінге дейін 120 миллион теңгесі игерілгенін де тілге тиек ете кетейік. Қазіргі уақытта ұзындығы 16 шақырымнан асатын ішкі жүйелерге құбыр тартылып жатыр. Құрылысы өткен жылдың аяғында басталған нысан тамызға дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 160 абонент көгілдір отынға қосылады.
Айта кету керек, үшінші мегаполистегі 81 елді мекеннің 42-сіне толық, 31 елді мекенге жартылай газ берілген. Десе де көрсеткішті жоғарылату бағытында ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатқанын да жоққа шығаруға болмайды.