ҚАЗАҚСТАНДА АЛКОГОЛЬДІ ТҰТЫНУ ДЕҢГЕЙІ ЕР АДАМДАРДА ЖЫЛЫНА 25 ЛИТРДІ ҚҰРАЙДЫ

ащы судың бағасы өссе, ахуал оңала ма?

 

Соңғы кездері қоғамда қылмыстың көз көріп, құлақ естімеген түрлері көбейіп барады. Әлеуметтік желі дамыған заманда жасалған заңбұзушылақтар жайы да кең тарауда. Қоғамның еті үйренбесе де, жиі жазып, талқылайтыны тағы бар. Жасыратыны жоқ, заңнан аттап, қадамын шалыс басатындардың арасында ащы суға сылқия тойып алатындар көп. Ұл-қызын таяқтың астына алатын әке, ата-анасын төмпештейтін ұл, сәбиді қоқысқа лақтыратын безбүйрек ана мен әйелін азаптайтын азаматтардың дені арақ-шарапқа тәуелділер екенін былайғы жұрт та жазып жүр. Осындайда заңды сауалдың туындайтыны белгілі. Алкогольді ішімдікті тұтыну бойынша Қазақстанның орташа көрсеткіші қандай? Арақ-шарапқа құмартушылардың санын қалай азайтуға болады? Бағаны өсіру мәселені шеше ме? Тарқатып көрейік…

 

Қалың оқырманның есінде болса, сәуірдің басында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері бойынша, ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін – шамамен 9 литрді құрайды. Өкінішке орай, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольді ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. Көп жағдайда жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып отыр» деген болатын. Министрдің осы сөзінен-ақ еліміздегі қазіргі жағдайдың қандай екенін айқын аңғаруға болатын сияқты. Бұдан бөлек, елімізде ащы суға тәуелді азаматтар да көп. Ресми мәліметке сүйенсек, олардың саны 90 мыңға жуықтайды. Кей деректерде 130 мың екені де айтылып жүр. Десе де бұдан да ауқымы кең мәселе тағы бар…
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психиатр-наркологы Гүлмира Сәдуақасованың сөзіне сенсек, соңғы уақытта алкогольді сусындар ішетін жастардың үлесі артып, саны көбейіп бара жатыр. «Маскүнемдікпен күресуге арналған жеке нормативтік құжат жасау керек шығар. Айта кететін жалғыз нәрсе, маскүнемдік қазір жасарып жатыр. Зерттеулерге қарасақ, алкогольге тәуелді жас буын өкілдерінің саны артып барады» дейді ол. Наркологтың сөзінше, жастардың психологиялық денсаулығына аса қатты мән беру керек. Ата-ана тарапынан көңіл бөлмеу мен күнделікті өмірдегі оқиғалар жастардың психологиялық жай-күйіне қатты әсер етеді. Міне, содан нашақорлық, құмар ойындарына деген қызығушылық пен ащы суға деген құмарлық артады. Психологтардың пікірінше, балалардың бос уақытын тиімді жоспарламау арты өкінішке әкелер оқиғаларға сеп болуы бек мүмкін. Сондықтан салауатты өмір салтын насихаттау ісіне ата-анадан бастап бұқаралық ақпарат құралдарына дейін баса мән беруі керек.
Алкогольді ішімдікке әуестенуге аймақтағы климаттық жағдай немесе мәдени ерекшеліктерге қарағанда, әлеуметтік факторлар тікелей әсер етеді. Мұны ҚҚДИ стратегиялық талдау тобының жетекшісі және әлеуметтану докторы Ләззат Нұрқатова да растайды. «Біздің қоғам стреске түсіретін жағдайларға толы, яғни көшеде, жұмыста, отбасында стресстің көптеген факторлары мен көздері бар, нәтижесінде адамдардың өзін-өзі бағалауы мен депрессиясы төмендеп алкогольге әуестене бастайды. Мәдениеттілік тек адамға ғана емес, сонымен бірге оны қоршаған әлеуметтік инфрақұрылымға да байланысты. Мысалы, мәдени, спорттық және ойын-сауық мекемелері халық үшін қол жетімді болуы керек» дейді ол. Ал еліміздегі алкоголизм деңгейі жоғары аймақтардың көшін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары бастап тұр. Сәйкесінше, ащы судан болатын ұсақ қылмыстар саны да дәл осы қалаларда жоғары.
Тағы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегін келтірейік. Әлемде жыл сайын 3 миллионнан астам адам алкогольдің әсерінен болатын аурулардан қайтыс болады. Бұл дегеніңіз – жер шарындағы әрбір жиырмасыншы адам ащы судан ажал құшады деген сөз. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Осы тұста алкогольдің ағзаға тигізер әсеріне тоқталайық. Ащы су адамның миындағы есте сақтау жұмысында, шешім қабылдауда және адамның эмоционалдық реакцияларының пайда болуында маңызды рөл атқаратын бөлігінде өзгерістер тудырады. Мұны жаһандық деңгейде жаңалық ашып жүрген ғалымдар әлдеқашан зерттеп, дәлелдеп те тастаған. Соның қорытындысына сүйенсек, 21 жасқа дейін ішуді бастаған адамдарда әртүрлі эмоционалдық және психикалық аурулар жиі кездеседі. Жоғарыда атап өткен асқан жауыздықпен жасалатын қылмыстардың түп-тамыры тереңнен бастау алатынын осыдан-ақ аңғаруға болады.
Сөз жоқ, соңғы жылдары әлемде болған пандемия алкоголь тұтыну көлеміне де айтарлықтай әсер етті. Бұл жайында әлеуметтанушы Ләззат Нұрқатова былай дейді «Шын мәнінде, біздің халық карантин басталысымен көп алкоголь тұтына бастады. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, арақ пен ликер-арақ өнімдерін ішкі нарықта тұтыну деңгейі 21,5 пайызға, яғни 35,7 миллион литрге көбейген. Бұл — 2020 жылғы қаңтар-қараша аралығындағы көрсеткіш. Ал 2018-2019 жылдары спирттік өнімдерді тұтыну азайып келе жатқан еді. Сарапшылардың сөзінше, араққа тәуелділердің көбеюі әлеуметтік статусын жоғалтуға (ажырасу, жұмыссыздық, жақынының өлімі) және жалпыұлттық карантин енгізуден кейінгі проблемаларға байланысты». Қош делік, ащы суға деген құмарлық пен тәуелділіктің тамыры түрлі болуы мүмкін. Бірі қызығады, бірі психологиялық күйзелістің салдарынан тәуелді болуы мүмкін. Әлеуметтік жағдай әсер етеді. Айта берсек, тізімді толықтыра беруіміз мүмкін. Десе де талай шаңырақтың шайқалуына, талай бүлдіршіннің ата-анасыз қалуына себеп болып отырған осындай жайсыз жайттардың алдын алуға бола ма? Қайтпек керек?
Медицинаның мүмкіндігі кең. Десе де бір ғана насихатпен немесе тәуелділерді емдеумен мәселенің түпкілікті шешілмесі анық. Белгілі экономист Мақсат Халық мұның басқа жолын қолдану керегін айтады. «Меніңше, бір ғана жолы бар. Спирттік өнімдердің бағасын көтеру керек. Біздегі алкогольді өнімдердің бағасы Еуропа елдерімен салыстырғанда тым арзан. Оған екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіндей баға белгілеуіміз керек. Көптеген өркениетті ел осылай жасау арқылы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Сондай-ақ акциз бағасын да қазіргісінен екі есеге дейін көтеруді ұсынар едім. Әрине, бізде салықтық көрсеткіштің өсуіне байланысты акциз бағасы жыл сайын өсіп тұрады. Дегенмен бұдан да жоғары көтеретін жолдарын қарастыру керек. Экономист-сарапшы ретінде бұдан басқа төте жолын көріп тұрған жоқпын» дейді ол. Ал ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев еліміздегі алкоголь өнімдері бойынша акциздің (тауарлардың бағасына қосылатын қосымша құн) онсыз да жоғары екенін айтты. Десе де ЕАЭО шеңберінде тиісті келісім дайындалып жатыр. Дайын болғаннан кейін баға тағы да өзгереді. Ал нақты қаншаға қымбаттайтыны белгісіз…
Қорыта келгенде, Қазақстанның әлемдегі «ішкіш елдердің» рейтингіндегі көрсеткіші мәз емес. Себебін әркім әртүрлі топшылайды. Медицина зиянын, әлеуметтанушылар кері әсерін, қоқық қорғау органдары зардабын дәлелмен көрсетіп, салдарын салмақтау керегін қанша еске салғанымен, өзінің де, өзгенің де өміріне салғырт қарап, ащы суға сылқия тойып алатындардың қарасы әзірге азаймай отыр. Ақпараттық насихаттың нәтижесі де көңіл көншітпейді. Алкогольді ішімдіктің бағасын өсіріп, көптің қолы жетпейтіндей етсе, жағдай оңалар деген үмітіміз барын жасыра алмаймыз. Әйтсе де оның өзі көлеңкелі бизнестің тамыр жаюына әкеліп, жертөле мен қора-қопсыда өндірілетін зияны мен зардабы ауыр ішімдіктердің қоғамды улауына әкелмесіне де дәлел жоқ…

А.МАХАНОВ.