СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН САЛАЛАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Елімізде жемқорлық жайламаған сала бар десе, көптің сенбесі анық. Бүгінде қатардағы қарапайым қызметкерді былай қойғанда, ірі шенділердің өзі парамен ұсталып, темір торға тоғытылып жатыр. Енді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов қай салада жемқорлық фактісі жиі тіркелетінін тілге тиек етті. Оның сөзінше, әрбір бесінші сыбайлас жемқорлық қылмысы мемлекеттік сатып алу саласында жасалады.

 

Жалпы бюджет шығыстарындағы мемлекеттік сатып алудың үлесі – шамамен 30 пайыз. Бұл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын құрайды. Бюджет қаражатының мұндай айналымы саладағы жемқорлық фактісінің жоғары болуына себеп болып отыр. «Мысалы, 2020 жылдан 2022 жылдың бірінші тоқсанына дейін 418 қылмыстық іс аяқталып, олар бойынша 162 адам сотталды. Талдау көрсеткендей, аталған қылмыстардың 80%-ға жуығы – бюджет қаражатын ұрлау, жалған орындалған жұмыс актілеріне қол қою және сатып алу жеңімпазын анықтау кезіндегі пара алу фактілері. Олар негізінен құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларында жүзеге асады» дейді Ұлан Сарқұлов.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары мысал ретінде Жалаңтөс баһадүр ескерткішін салуға қаражатты кедергісіз аударғаны үшін 1 миллион теңге көлемінде пара алған Қызылорда облысының мәдениет басқармасының басшысына қатысты сыбайлас жемқорлық ісін келтірді. Бұдан бөлек, агенттік 2021 жылы Атырауда Абай Құнанбаевтың ескерткішін жасау мен орнатуға келісімшарт жасағаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы әшкереледі. Ескерткіш құны – 145 млн теңге.
«Бүгінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Хаменоваға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, таныстыру басталды. Сонымен бірге сот пара алу фактісі бойынша Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Таубаев пен облыстық құрылыс басқармасының басшысына қатысты қылмыстық істі қарап жатыр» деді Сотқа дейінгі тергеу басқарма бастығының орынбасары Шамұрайт Шәменов. Міне, осылайша қоғамның сырқатына айналған сыбайластықтың мемлекеттік сатып алу саласында тамыры тереңге жайылғаны белгілі болып отыр. Десе де бұл өзге салалардағы жағдай жақсы дегенді білдірмейді. Күн сайын ашылып жатқан қылмыстарға қарап-ақ жалпы елдегі жағдайды сараптай беруге болады.