КӘСІПКЕРЛЕР ЕНДІ БИЗНЕСІН ОНЛАЙН ӘДІСПЕН ТІРКЕЙ АЛАДЫ
Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер орасан. Орайын тауып, қолдан келер ісін дөңгелетіп, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырған азаматтар да көп. Енді өзінің кәсібін заңды түрде тіркегісі келетін бизнес өкілдері табаннан тозып, есік жағаламайды. Толығырақ тоқталайық…
Қазіргі таңда тұлғаларды тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет «Электронды үкіметтің» веб-порталында толық автоматтандырылған. Яғни бұл қызмет адами фактордың қатысуынсыз, электронды хабарлама беру арқылы жүзеге асырылады. Қызметті қалай рәсімдеу керек? Нені ескерген жөн? Осы және өзге де сауалдарға «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қалалық филиалы өкілдері жауап берді.
Енді жаңа жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашу үшін оның иесіне жарғы қажет емес. Тіркеу жарнасын төлеудің немесе салық басқармасына барудың да қажеті жоқ. Тек компьютер мен электронды цифрлық қолтаңба болса, жеткілікті. Тіркеу үшін egov.kz сайтындағы нұсқауларды орындау керек. Оған небәрі 30 минутқа жетпейтін уақыт кетеді.
Осылайша шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға құрылтайшы немесе құрылтайшылар ҚР ӘМ белгілеген нысан бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама береді. Электронды хабарлама «Электронды үкімет» веб-порталында толтырылады және беріледі. Бұл ретте шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарғылары немесе ережелері мемлекеттік тіркеу процесінде ұсынылмайды. Тиісті өрістерді толтырғаннан кейін жүйе барлық деректің дұрыстығын тексеруді сұрайды. Егер дұрыс болса, ақпараттар жүйеде өңделеді және ЖШС тіркеу туралы анықтама 30 минуттан кейін беріледі.