ТҮРКІСТАНДЫҚ БҰРЫМДЫЛАР ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Түркістандық спортшылардың жетістігі туралы жиі жазамыз. Өңірде спортқа жасалып жатқан жағдайлардың арқасында облыстың аты тек жақсы жағынан танылып келеді.

Республикалық, халықаралық деңгейде өткен спорт додаларында өңірдің аты аталып, қоржыны жеңімпаздар мен жүлдегерлердің медалімен толығып келеді. Бұл жолы да түркістандық спортшылардың асығы алшысынан тұрді.
Ашып айтсақ, Екібастұз қаласында волейболдан 2005-2006 жылы туған жасөспірім қыздар арасында Қазақстан Республикасының көктемгі чемпионаты өткен болатын. Елішілік жарысқа 9 команда қатысты. Олар — Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Павлодар, Екібастұз, Шығыс Қазақстан мен Түркістаннан келген командалар.
Сайыста тамаша тактикамен суырылып шығып, қарсыластарынан басым түскен Түркістан облысының командасы ақтық сында «Жетісу» командасымен кездесті. Тартысты өткен ойын түркістандықтардың пайдасына 3:1 есебімен аяқталды. Осылайша жасөспірім қыздар арасында өткен көктемгі ел чемпионатында түркістандық арулар алтыннан алқа тағып, жерлестеріне қуаныш сыйлады. Жүлделі екінші орынды жетісулық бұрымдылар иеленсе, үшінші орын Павлодар қаласының командасына бұйырды. Енді жеңімпаз атанған жерлестеріміз жоғарғы лигада әйелдер командалары арасында өнер көрсететін Түркістан облысының «Тұран» ойын түрлері клубында қаралымнан өтеді.