АУДАН ӘКІМІ ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Түркістан облысы, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков білім, мәдениет саласының жастары, жас кәсіпкерлер, ерікті жастар және оқушылардың басын қосып, жиын өткізді. Кездесу аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде өтті. Онда Құмкент ауылындағы Қ.Сәтбаев мектеп-гиманзиясының 6-сынып оқушылары Назира Бегалы мен Айдана Қыстау аудан әкіміне смартфонмен басқарылатын робот техникасын таныстырды.

 

«Сіздермен кездесуді жоспарланғаныма біраз болды. Міне, бүгін сәті түсті. Кез-келген сауалдарыңызды қойып, еркін пікір алмасуға шақырамын» деді аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы кездесу барысында. Жастар өз ойын ортаға салып, ұсыныстарын да білдірді. Мәселен, Ы.Алтынсарин мектебінің оқушысы Құралай Ізбасарова алдағы тоқсандық демалыс кезінде оқушыларды тарихи-мәдени орындарға саяхатқа жіберуді ұйымдастыруды сұрады. Сонымен қатар талантты балаларды тереңдетіп оқытатын мектеп ашылса деген ұсыныс та айтылды. Айтылған ұсыныс орынды екеніне тоқталған аудан басшысы оқушылардың демалысын тиімді ұйымдастыру үшін үздік оқушыларды облыстағы тарихи орындарға саяхаттау мәселесін шешетінін жеткізді.
Бұдан бөлек, таукенттік тұрғын Әкім Байдосұлы жастарды оқыту және үйірмелерге арналған ғимаратпен қамту мәселесін көтерді. Өз кезегінде, аудан басшысы Шолаққорған ауылында бос тұрған үлкен ғимаратты жастарға ұсынды. Алдағы уақытта ғимарат жөндеуден өтіп, жастарға арналған үйірмелер мен тіл курстары ашылмақ. Сондай-ақ жиын барысында жұмыссыздықты жою, жеңілдетілген грант алу, ауыл шаруашылығы мақсатында жер телімін алып, егін егу мәселелері де сөз болды. Кездесу соңында аймақ басшысы мұндай кездесулердің алдағы уақытта да өткізіліп тұратынын айтты.