ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙДАН ТҮСЕР ТАБЫСЫ АЗАЮЫ МҮМКІН

Күллі қазақ даласы ұлыстың ұлы күнін тойлап жатқанда солтүстіктегі көршімізде алапат апат орын алды. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Ресми мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың 20 наурызы күні Ресейдің Новороссийск қаласында қатты дауыл болып, біраз нысанға зақым келді. Бұл құбылыс әсіресе Қара теңізінде қатты байқалған. Бес балдық дауыл Каспий құбыр концорциумының жылжымалы айлақтық құрылғыларын айналып өткен жоқ. Нәтижесінде құрылғының 9-шы және 13-ші шлангілеріне қатты зақым келген. Пайдалануға болмайды. Каспий құбыр желісінің Новороссийск түбінде осындай үш жылжымалы айлақтық құрылғысы бар десек, оның екеуі істен шығып отыр. 360 тонна тартатын әр құрылғыны жөндеуге 1 айдай уақыт керек. Ал бюджеттің негізгі бөлігі мұнай экспортынан түсетін Қазақстан үшін мұның қаупі қандай?

Әуелі жалпы мұнай экспортының көлемі мен зақым келген құбыр желісінің үлесіне тоқталайық. Сарапшылардың пікірінше, былтыр Каспий құбыры концорциумы арқылы 60,7 млн тонна мұнай сатылған. Оның 53 млн-ы Қазақстанға тиесілі. Тағы бір маңызды дерек, бұл құбыр арқылы еліміздің мұнайының 80 пайызы экспортталады. Демек келер зиян шаш-етектен. Концорциум басшылығы да қара алтын тасымалы 3 есе төмендеуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Аталған апат еліміздегі мұнай компанияларын тығырыққа тірейтіні белгілі.
Ал ресейлік шенділер орын алған апат әлемдік мұнай нарығына айтарлықтай әсер ететінін алға тартып отыр. Ресей Федерациясының вице-премьері Александр Новок мемлекеттік думада өткен үкімет сағатында «Мамандардың бағалауы бойынша, айлақтарды қалпына келтіруге біршама уақыт жұмсалады. Әріптестерімнің айтуынша, шамамен бір жарым-екі ай. Осы уақыт аралығында айтарлықтай мұнай көлемі әлем нарығына жеткізілмеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде мұнай нарығына елеулі әсер етеді» деді. Вице-премьердің сөзінше, концорциумды шетелдік инвесторлар басқарып отыр. Сондықтан техникалық қызмет көрсету де — солардың міндеті. Ал солтүстіктегі көршіміз мұнай жөнелтуді реттеуге барынша қолдау көрсетуге дайын. Әйтсе де нақты қандай көмек екені әзірге айтылған жоқ. Соңғы саяси оқиғаларға назар аударсақ, Ресейдің тұшымды көмек беруі екіталай. Бір анығы, жөндеу жұмыстары үшін айлақтағы құрылғыны уақытша істен шығару керек.
Мұнай экспортының 80 пайыздан астамы дәл осы құбыр арқылы жүзеге асатынын жоғарыда жаздық. Осындайда жауапты министрліктің не істеп жатқаны көпті қызықтыратыны белгілі. Ал ҚР Энергетика министрлігі «Синоптиктердің хабарлауынша, Новороссийскте қатты дауыл өтіп, желдің жылдамдығы 35 м/с-қа дейін жетті. Бұл Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалының жұмысына әсер етті. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі КҚК-мен теңіз терминалының жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша консультациялар өткізуде, бұл ретте баламалы бағыттар бойынша мұнайды экспортқа жөнелту мүмкіндіктері пысықталуда» деді.
Министрлік келтірген баламалы бағыттар қандай? Бұл турасында «Petrocouncil» мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жәкиев былай дейді «Бізде үш альтернативтік маршрут бар. Біріншісі – Кеңес Үкіметінен қалған Атырау-Самара құбыры. 16 млн тонна мұнайды экспорттауға болады. Екіншісі – 20 млн тонна қуаттылығы бар Атасу-Алашанькоу құбыры. Үшінші жолы, танкермен жіберіп, Ақтау порты арқылы Бакуге, ары қарай Тбилиси-Джейхан мұнай құбырымен батыс Еуропаға жіберуге болады. Осындай маршруттар бар. Бірақ осы жағдай бір ғана экспортты маршрутқа сенуге болмайтынын көрсетті. Тағы да басқа бірнеше альтернативтік маршрут болу керек». Десе де жауапты министрлік тарапынан Каспий құбыр желісімен кетуі тиіс мұнайдың қай құбырмен экспортталатыны айтылған жоқ. Орын алған апат салдарынан қарт құрлықтың да зардап шегетіні белгілі. Мұнай жеткіліксіздігі әлемдегі мұнайға деген сұранысты арттырып, бағаны барреліне 150 доллардан асыруы мүмкін. Десе де қазынаға түсер қаржыдан Қазақстанның ұтылары хақ.
Орын алған оқиғаның табиғи апаттан гөрі саяси ойынға көбірек келетінін жазып жатқан сарапшылар жоқ емес. Атап айтсақ, қаржы маманы Айбар Олжаев «Новороссийск портындағы танкерлерге мұнай құятын құрылғылардың бірінен соң бірі істен шыға бастауы табиғи апаттан көрі саяси ойын екенін ішіміз сезеді. Оңтүстік Озереевкадағы «КТК-Р» терминалын КТК-ның өзі бақылап отырғанын ескерсек, біздің ондағы меншік үлесіміз — 19 пайыз. Шеврон, Ени, Мобилмен қосылсақ, 42 пайыз болады. Мұндай үлеспен акционерлердің өздері барып, аудит жасап, терминалдың жұмысын жүргізіп отырған ресейліктердің ақпараты рас па, өтірік пе, тәуелсіз тексеріп, анықтауға болады. Егер шын бүлінген болса, онда қайта қалпына келтіру жұмысын қадағалап отыру керек. Және бір ай ремонттан біз шамамен 3 миллиард доллар жоғалтып аламыз» дейді. Оның пікірінше, жақын арада Мәскеуден үлкен саяси ұсыныс келіп түсуі бек мүмкін. Егер ол Украина мәселесіне қатысты болса, еліміз екі оттың ортасында қалуы ықтимал. Мұндай жағдайда көпвекторлы саясат ұстанып келген ел нақты позициясын мәлімдеуі керек. Егер Ресейдің саясатын қолдаса, батыстың ауқымды санкциясына душар болады дегенді сарапшылар жиі жазып жүр. Ал бас тартса, орын алған апаттың жөндеу жұмыстары сиырқұйымшақтанып кетуі мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Орын алған оқиғаның қоғам өміріне қатысы турасында саланың сарапшылары пікір білдіре бастады. Мәселен, мұнай-газ нарығының сарапшысы Сергей Смирнов жанар-жағармай, оның ішінде бензин бағасының арзандауы мүмкін екенін алға тартады. «Осылай істеуге мәжбүр болады. Есіңізде болса, Ресей Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына көшіп, ал біз Еуро-2 және Еуро-3 өндірген кезде осындай болған. Ресей Еуро-4-тен төмен мұнай өнімдері айналымына тыйым салғанда, бізде қор көбейді, содан кейін баға төмендеді. Бұл Қазақстанның ішкі нарығында қордың көбеюіне байланысты. Ол қайда барады? Олар не зауыттар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады, өйткені мұнай қоймалары толып қалады немесе мұнай өнімдерінің сатып алынған қоры тұтынылуы үшін бағаны төмендетеді» дейді ол. Бензин бағасының арзандауы көпке ұтымды болғанымен, апаттың бюджетке тигізер зияны тағы бар.
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде талай әлемдік оқиғалардың орын алғаны белгілі. Саяси һәм табиғи апаттың салдарынан шаш-етектен шығынға батқан елдерді де білеміз, көріп жүрміз, әлеуметтік желіде мысал етеміз. Мәңгілік достың емес мүдденің ғана болатынын айқын ұқтық, анық түсіндік. Солтүстіктегі көршіміз тарапынан да кеденде қыруар кедергілердің орын алып жатқаны да көпке белгілі. Тонна-тонна көкөністің шекарада тұрып-ақ шіріп жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары жазудай-ақ жазды. Көзбен көріп, қолмен ұстасақ та қолдан шектеп, заңмен шегелеп, өз мүддесін ғана көздейтін көршіміздің дегені ғана болып тұр. Осындайда қалың оқырманның көкейінде 30 жыл бойы мұнай тасымалының баламалы жолдарын қарастыру мәселесі көтерілмеген бе деген сауал туады. Мәселе болғанда ғана қимылдап, салдарымен күресіп келген билікке әлі сабақ болмаған ба? Смайылов бастаған Үкіметтің қолынан бұл мәселені шешу келе ме әлде президентке жалтақтай ма? Анығын уақыт көрсетеді…
Ж.БАЛАУСА.