ЕЛДЕГІ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫ РЕСЕЙ МЕН УКРАИНАДАН АЗ

Ел басына күн туған қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан қарулы күштері өз әлеуетін көрсете алмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған саптағы сарбаздар емес, командирлік қабілетін көрсете алмаған Қорғаныс министрі кінәлі екенін атап өткен.

Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл ойнайтын қорғаныс саласына Қазақстан қанша қаражат бөледі. Және қорғаныс шығындары бойынша елдер рейтингісінде біздің мемлекет нешінші орында тұр?
Осы аптада ranking.kz қорғаныс саласына ең көп қаржы бөлетін елдер тізімін жариялады. Алғашқы үштікті АҚШ, Қытай және Үндістан бастайды. Барлығы 148 елдің нәтижесі сараланған тізімде Қазақстан 62-орынға тұрақтаған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінің қорғаныс саласына шығындары бір жылда 10,9%-ға өсіп, 744,7 млрд теңгені құраған. Қорғанысқа ең көп қаржы бөлетін алғашқы 10 елдің қатарына ТМД-дан жалғыз Ресей елі бар. Көрші Ресей қарулы күштері үшін 61,7 млрд доллар бағыттаған. Ал Ресеймен қақтығысып жатқан Украина 34-орында.
Қорғаныс шығындарына көп қаржы жұмсайтын елдер рейтингісінде ТМД арасында Қазақстаннан бірнеше саты жоғары тұрған елдер қатарында Ресей, Украинамен қатар Әзірбайжан да бар. Ал қалған Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Молдова қорғаныс саласына Қазақстанға қарағанда аз қаржы бөледі екен.