ҚАРАУСЫЗ ЖАТҚАН СУ ҚОЙМАСЫ ЖОҚ

Түркістан облысындағы Сырдария өзенінің арнасы төтеншеліктердің бақылауында. Себебі аймақтағы су тасқынының болуы ондағы су деңгейінің жағдайына тікелей байланысты. Әзірге өзен ағысы қалыпты. Су деңгейі жағалауға жайғасқан ауыл тұрғындарына қауіп төндірмейді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.
Департамент өкілі өңірдегі су айдындарына күнделікті мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда облыста 41 суқойма бар. Қараусыз қалған су қоймасы жоқ. Су қоймаларының 18-і республикалық меншікте болса, 18-і қала, аудандық коммуналдық мекеменің теңгерімінде. Тағы 5 суқойма жекеменшікте. Бұдан өзге ол облыста көктемгі болуы мүмкін төтенше жағдайларға қажетті құралдар толық дайын екенін атап өтті. Аймақта тасқынға қарсы 61 500 дана қап, 482 тонна инертті материалдар да дайындалған. Облыста қазіргі таңда тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін 1 218 шақырымды құрайтын 680 арық пен канал тазартылған.