ҚАҢТАРДА ЖҰМЫС ІЗДЕУШІЛЕР САНЫ КҮРТ ӨСКЕН

Қаңтарда жұмыс іздеушілер саны күрт өскен. Осылайша электронды еңбек биржасына 70 мыңнан аса азамат өзінің түйіндемелерін орналастырған. Бұл өткен жылғы желтоқсандағы көрсеткіштен 3,3 есе көп. Ал электронды еңбек биржасында орналыстырылған бос жұмыс орындар саны одан бірнеше есе аз. Яғни ондағы бос жұмыс орындарының саны 68,3 мыңға барған. Бұл өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 23 пайызға төмен.

Өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны Алматы, Түркістан, Қызылордада екі есеге азайған. Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс ұсынушылар саны артқан.
Ал электронды еңбек биржасына орнатылған түйіндемелер санының көптігі Шымкент қаласы (4,9 мың), Қызылорда облысы (7 мың), Алматы қаласында (6,6 мың) байқалған. Биржа арқылы екі қолға бір күрек тапқысы келгендердің ең аз өсімі Батыс Қазақстан облысында байқалған.
Ұсынылған жұмыстардың 84 пайызы шағын, орта және ірі кәсіпорындар тарапынан түскен.
Қаңтарда жұмыс іздегендердің көбі немесе 56 пайызы әйелдер болған. Электронды еңбек биржасына түйіндемелерін қалдырған жұмыс іздеушілердің үштен бірін 25-35 жас аралығындағы жастар құраған. Олардың көбі дәлірегі, 39 пайызы Нұр-Сұлтан қаласында, 36 пайызы Маңғыстау облысында, 35 пайызы Шымкент қаласында және Атырау облысында болды.
Электронды еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарының 52 пайызы біліктілігі орташа мамандарды талап еткен.
Бос жұмыс орындарының 25%-ы жоғары білікті мамандарға және 23%-ы төмен білікті немесе біліктілігі жоқ мамандарға арналған. Еңбек нарығында медбикелер/мейіргерлер, автокөлік жүргізушілері, күзетшілер, тәрбиешілер, санитарлар, бухгалтерлер көп сұранысқа ие болған. Олардың жалақысы 75,4 мың теңгеден 98,4 мың теңгеге дейін өзгереді. Қаңтар айында бос жұмыс орындарының саны түйіндеме санынан басым болатын ең тапшы мамандықтардың қатарына күзетшілер, санитарлар, тәрбиешілердің көмекшілері, медбикелер/мейіргерлер, электршілер кіреді.